Ресейде мигранттар азайып, жұмысшы жетпей жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде мигранттар азайып, жұмысшы жетпей жатыр

27.08.2025

Ресейде жұмысшы тапшы. Елден мигранттар кетіп, барлық салада кадр дефициті артты. Елге 6 млн жұмысшы қажет. Санкция салдарынан кәсіпорындар мен компаниялар өндіріс көлемін ұлғайтуға мәжбүр. Алайда мигранттарға қатысты қатаң талап, біршама қиындық тудыруда.

Индира Бегайдар, тілші:

Жалпы, Ресейде санкция салдарынан барлық салада жұмысшы жетіспейді. Әсіресе құрылыс және ауыл шаруашылығында маман тапшы. Шаруалар алдағы уақытта, тіпті жұмысшы тапшылығы 50 пайызға өсетінін айтады.

Жалпы, Ресей азаматтарының жалақысы 15 пайызға азайды. Бұл 2015 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш. Азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек бағасы 100 пайызға дейін көтерілген. Содан болар, елден кетіп жатқандар саны күн сайын артуда. Жүргізілген зерттеулерге сәйкес азаматтардың 60 пайызы жалақысы өмір сүруге жетпейтінін айтқан. Ал 5 мыңнан астам компания кадр жетпеушілігін ресми түрде жариялауда.

Валерий Дугинов, кәсіпорын басшысы:

Бар жұмысшылардың кәсіби деңгейі талапқа сәйкес келе бермейді. Сондықтан үнемі жұмысшы іздейміз. Өндіріс қуатын арттырайық десек, жұмыс істейтін маман жоқ. Алдағы уақытта Үндістаннан жұмысшы әкелеміз деген жоспар бар.

Жұмысшы дефициті барлық салада байқалуда. Әсіресе кәсіби жүргізуші, дәнекерлеуші, электр маманы мен құрылысшы, көше сыпырушы, курьер жетпей жатыр. Бұрын бұл жұмыстарды еңбек мигранттары атқарса, қазір олардың саны күрт азайған. Өйткені Ресей шетелдіктерге көші-қон заңнамасын қатаңдатып тастады. Яғни, мигранттарға жұмыс істеуге тыйым салынған арнайы мамандықтар тізімі жасақталды.

Бұлай жалғаса берсе, Солтүстік Кореядан жұмысшы сұрауға тура келеді, дейді жерігілікті мамандар. Сонымен қатар, сотталғандарды да түзеу мекемелерінде жұмысқа тарту мәселесі қарастырылып жатыр.

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу