Жасанды интеллектіні жүйелі түрде дамыту ел экономикасына тың серпін береді. Осы мақсатта 500 мыңнан астам салалық маман даярланады. Мәселен, Алматы ғалымдары әзірлеп жатқан «Ақылды қала» жобасы ауа сапасы мен ауызсудың құрамын бақылайды, оның басты қызметтері жасанды интеллектіге негізделген. Мемлекет басшысының 2024 жылғы Жолдауына сәйкес, Қазақстан озық цифрлық технология дамитын елге айналуы тиіс.
«Ақылды қала» жобасының қолданыс аясы кең. Тұрғын үй, әлеуметтік нысандар мен кеңселерде жайлы жағдай жасайды. Себебі жүйе арқылы микроклиматты басқаруға, зиянды шығындылардың негізгі көздерін анықтауға болады. Қала берді, су мен түрлі сұйықтықтың құрамын, тазалығын анықтауға да мүмкіндік бар.
Елдос Алтай, техника ғылымдарының кандидаты:
Көрсеткіштер негізінде микроконтроллерге бағдарлама жазылады. Егер зерттеліп жатқан сұйықтықта антибиотиктердің мөлшері асып кетсе немесе бар екені анықталса, құрылғы дисплей арқылы сигнал береді. Мұндай құрылғыны кез келген облыста – техникада да, биомедицинада да кеңінен қолдануға болады.
Ғалымдар тобы жобаны былтыр бастаған. Соңғы әзірлік жұмыстарын пысықтап жатыр. 4-курс студенті Мұхамеджан Айтқазин жасанды интеллекті арқылы жүйені автоматтандырумен айналысады.
Мұхамеджан Айтқазин, студент:
Бұл жүйеде датчиктерден түскен ақпаратты жасанды интеллект өңдеп басқарады. Қажет болған жағдайда ол салқындатқышты автоматты түрде қосады. Осындай байланыстардың арқасында өздігінен басқарылатын жүйе арқылы таза бөлме құрылымын қалыптастыруға болады.
Бүгінде Қазақстан цирландыру саласы бойынша 193 елдің ішінде 24-орынға жайғасқан. Халықтың 93 пайызы интернетті белсенді пайдаланады. Бұл орайда жасанды интеллектінің цифрлық қызметтерге енуі саланың дамуына септігін тигізеді.
Жұлдыз Кәлпеева, IT саласының сарапшысы:
Біздің ғалымдар суперкомпьютердің ақпараттық ресурстарын пайдаланып, түрлі ғылыми жобаларды жүзеге асыруда. Ақпараттық салада серверлік ресурстардың маңызы зор. Сол себепті мемлекет тарапынан бұл бағытқа ерекше көңіл бөлініп отырғаны қуантады.
2027 жылға дейін еліміздегі 3 мыңнан астам ауыл ғаламторға қосылады. Ондағы интернет жылдамдығы секундына 100 мегабиттен асады. Бұл шалғай елді мекен тұрғындарының жасанды интеллектіге қол жеткізу мүмкіндігін ұлғайтады. Осы мақсатта 5 млн адамға соңғы цифрлық технология дағдыларын үйрету жоспарланған.
Нұрдәулет Сыздық
