Президент ресми сапармен Бішкекке барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент ресми сапармен Бішкекке барды

22.08.2025

Қазақстан Қырғыз еліне әрдайым қолдау көрсетуге дайын. Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекке ресми сапары кезінде осындай мәлімдеме жасады. Келіссөздер кезінде түрлі салалардағы ықпалдастықты арттырып, жаңа жобалар туралы шарттар жасалды. 

Президент Қырғыз Республикасына ресми сапарын «Ата бейт» ұлттық тарихи мемориалдық кешеніне зиярат етуден бастап, 1916 жылғы үркіншілік құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоғын қойды.

Мұнда Отанына қалтқысыз қызмет еткен қырғыз халқының даңқты перзенттері, сталиндік репрессия құрбандары, кемеңгер жазушысы Шыңғыс Айтматов жерленген. Қасым-Жомарт Тоқаев қаламгердің рухына арнайы құран бағыштады.

Ал бұл былтыр ғана ашылған «Ынтымақ ордо» резиденциясы. Қырғыз тарапы президентті ресми күтіп алу рәсімін өткізді. Лидерлер бір-бірімен амандасқаннан кейін екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Ресми делегация мүшелерін таныстырған соң мемлекет басшылары келіссөздер залына өтті.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Қазақстан мен Қырғыз Республикасы 1997 жылы мәңгілік достық туралы келісімге, 2003 жылы одақтастық туралы шартқа қол қойған. Бұл құжаттар екі ел арасындағы қарым-қатынастың берік іргетасын қалады. Ал бүгінгі ресми сапар дәстүрлі ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеріп, бауырлас елдердің байланысын одан әрі тереңдетпек.

Шағын құрамдағы келіссөздер кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев шақырғаны үшін Қырғыз Президентіне алғыс айтып, сапардың маңыздылығына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің тарихымыз тамырлас, салт-дәстүріміз бен таным-түсінігіміз, ұлттық болмысымыз ұқсас. Қос халықтың татулығы мен өзара құрметі ешқашан үзілген емес. Қазір де ықпалдастығымыз стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамуда.

Одан соң қос Президент Қазақстан мен Қырғызстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің отырысына қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев көрші елдердің ықпалдастығын тереңдете түсуге айрықша бейіл екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Былтыр Одақтастық қатынастарды кеңейту туралы тарихи шартқа қол қойдық. Бүгін біз Ынтымақтастықтың кешенді жоспарын қабылдаймыз. Осы маңызды қадамдар қазақ-қырғыз байланысын дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Екі елдің үкіметтері бұл жоспарда көрсетілген мақсат-міндеттерді басшылыққа алуға тиіс.

Отырыс барысында сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.

Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті:

Ош мемлекеттік университетінің базасында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филиалының ашылуы бұл білім және ілім бағытындағы өзара әрекеттерінің келешектегі көпірі болады деп сенемін.

Білім ошағына осы оқу жылына 100 студент қабылданып та үлгерді. Ал, мамандықтарды екі тарап ақылдаса отырып шешкен.

Ерлан Сыдықов, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры:

Оларға аса қажетті мамандықтардың бірі – туризм. Біз соны ұсындық. Жасанды интеллект, қоршаған ортаны қорғау мамандықтарын ұсындық. Себебі, осы үш бағдарлама Еуразия ұлттық университетінің ең жоғарғы рейтингтегі бағдарламаларының бірі болып есептеледі.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстан мемлекеттері басшыларының Бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровты «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.

Ресми делегация мүшелері екіжақты тауар айналымын 2030 жылға қарай 3 миллиард долларға дейін ұлғайту бойынша жол картасы және басқа да үкіметаралық, ведомствоаралық құжаттармен алмасты.

Бауыржан Тұрлыбеков, Сауда және инвестициялық саясатты дамыту орталығының директоры:

Әсіресе, олар мал мен өсімдіктерді өздерінде өндіру мақсаттарын қойып жатыр. Сондықтан бізден тұқым секілді нәрселерді алмақшы.

Екі елдің үкіметіне агроөнеркәсіптегі ықпалдастықты арттыру бойынша жол картасын қабылдау бойынша тапсырма берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз бірлескен кәсіпорындардың тиімді жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасай береміз деп келістік. Сондай-ақ қазақ-қырғыз шекарасының өткізу мүмкіндігін арттыруға баса мән бердік. Жүк тасымалы мәселесіне де ерекше назар аудардық. Соңғы кезде осы бағытта бірқатар ауқымды іс-шара атқарылды. Қазір шекарадағы 8 өткізу бекетін жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр.

Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:

Қазақстан мен Қырғызстанның екіаралық өткізу тауар өткізу бекеттерінің көбі біздің Жамбыл облысында орналасқан. Бекеттердің барлығы ары қарай дамитын болады. Ол әрине біздің екі елдің экономикалық қарым-қатынасының дамуының негізі деп санауға болады.

Ресми шаралардан соң Президенттер Бішкек қаласындағы Қазақстан мен Қырғызстан достығы аллеясында орналасқан «Достықтың алтын көпірі» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Қос ғұламаның бірі «Абай жолы» арқылы қазақтың болмысын күллі әлемге танытса, екіншісі «Жәмилә», «Ғасырдан да ұзақ күн» арқылы адамзат құндылықтарын биікке көтерді. Ғұламалардың арасындағы достық қазақ пен қырғыз арасындағы мәңгілік бауырластықтың символы іспетті. Ал ынтымақ саябағында орналасқан бұл ескерткіш сол рухани байланыстың ары қарай да жалғаса беретінін дәледеп тұрғандай.

ХІХ ғасырдың ортасында Мұхтар Әуезов «Манас» эпосы «бұл халықтың эпосы» деп жойылып кетуден қорғап қалған. Ал қырғыз қаламгері Шыңғыс Айтматов қазақ жазушысының елу жыл бойы жариялауға тыйым салынған «Қилы заман» повесін өзі бас болып жарыққа шығарған.

Баянғали Әлімжанов, ақын, жазушы, манасшы:

1972 жылы «Новый мир» журналына Шыңғыс Айтматов жариялатып, өзі алғы сөз жазған. Лихая Гадина деген атпен. Сөйтіп қазақ тілінде шыға алмай жатқан дүние орыс тілінде бүкіл Кеңес одағына таралған. Міне екі ұлы жазушының достығы дегенде рухани тамырластығы дегенде осыны айтамыз.

Одан соң Мемлекет басшысы Кемел Тоқаев атындағы №33 мектеп-гимназияға барды. Қазақстан Президентінің әкесі – соғыс ардагері, жазушы Кемел Тоқаев дәл осы жерден майданға аттанған. Мемлекет басшысы білім ордасының ұстаздарымен және оқушыларымен әңгімелесті.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Бішкектегі ресми сапар екі ел ынтымақтастығын жаңа белеске көтерген маңызды қадам болды. Президенттің қолдау мен тығыз ықпалдастыққа дайын екенін нақты мәлімдеуі серіктестіктің тереңдей түсетінін дәлелдеді. Енді қабылданған шешімдер нақты іске ұласпақ.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу