Басты Жаңалықтар Жеткізу қызметінің жұмысы қатаң бақыланады

Жеткізу қызметінің жұмысы қатаң бақыланады

Алматыда жеткізу қызметімен айналысатын компаниялар мен курьерлерге қатысты талап күшейтілмек. Бұған тапсырыс берушілердің қауіпсіздігіне байланысты шағымдардың көбеюі себеп болған. Полицияның дерегінше, өзгенің аккаунтын пайдалану, заңсыз жұмыс істеу және қосымша ақы талап ету фактілері жиілеген. Кейбір курьерлердің есірткі және киберқылмыстарға да қатысы бары анықталған.

Алматыда жыл басынан бері 10 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның басым бөлігі – жеткізу қызметінде заңсыз жұмыс істеген азаматтардың қатысуымен болған. Ең қиыны – құқық бұзған адамды жедел анықтау. Себебі, олардың бірқатары өз атына тіркелмей, өзгенің аккаунтын пайдаланады.

Салтанат Әзірбек, қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі:

Алматы қаласында арнайы рейдтік шараларды жүргізу барысында 50-ге жуық шетел азаматтарының курьер болып жұмыс істегеніне көзімізді жеткіздік. Шетел азаматтарын жұмысқа тартуға тыйым салуымыз керек.

Тұрғындардың айтуынша, бақылау тек заңсыз жұмыс істеп жүргендерге ғана емес, адам өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін жеткізушілерге де күшейтілуі тиіс.

Сондықтан  курьерлер міндетті түрде бірнеше мәрте биометриялық тексеруден өтуге міндеттеледі. Бұл талап қауіпсіздік тұрғысынан аса маңызды, - дейді сарапшылар. 

Абзал Дәулетов, авто сарапшы:

Осы курьерларға жұмыс беруші платформалар өздерінің тарапынан бақылауды күшейтсе, әрбір алты сағат жұмыс істеуге болады. Ал алты сағаттан кейін сен верификация өту керексің. Яғни, сен екеніңді бекіту керексің. Сонда курьерлар арасында өзінің аккаунты блокқа кетіп, басқа біреудің аккаунтымен жұмыс істеп жүретін адамдардың да саны азаятын еді.

Осыған байланысты полиция нарықты заң аясында реттеу тетіктерін бойынша бірқатар ұсыныс әзірлеп, Ішкі істер министрлігіне жолдамақ. Мақсат – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жауапсыз қызмет көрсетушілерге тосқауыл қою. 

Бөлісу