Дәрігер мен полиция бастығы ұшақта жолаушы өмірін сақтап қалды
Ақтаулық дәрігер мен полиция департаментінің бастығы ұшақта жолаушы өмірін сақтап қалды.
Оқиға 23 ақпан күні Астана – Ақтау бағытына ұшқан ұшақта болған. Әуе кемесінің көтерілгеніне шамамен бір жарым сағат болғанда жолаушылардың бірі, Тәжікстан азаматына медициналық көмек қажет болған. Оның қан қысымы көтеріліп, салдарынан аяқ-қолы жансызданып, есін жоғалтқан. Осы кезде оған бортта отырған дәрігер Тұрсын Шүйішбаева мен облыстық полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жағдайын тұрақтандырды.
Тұрсын Шүйішбаева, Маңғыстау облыстық «Ана мен бала» орталығының бөлім меңгерушісі:
Давлениесін өлшеген кезде 220-да 110 болып көтерілген. Жолаушылардан дәрі іздеп, кислородный маска бердік. Қасымда көмекке бір ағайға кислородный баллонды ұстатып қойып, азаматқа кислород беріп, жағдайын тұрақтандырдық.
Ұшақ жерге қонғанда, жедел жәрдем қызметі келіп, науқасты ауруханаға жеткізген. Қазір 45 жастағы шетел азаматының жағдайы жақсы, жұмыс бабымен Жаңаөзен қаласында. Амон Амонов өзіне дер кезінде көмек көрсеткен жандарға алғысын білдірді.
Амон Амонов, Тәжікстан республикасының азаматы:
Өзімді жайсыз сезінген соң беті-қолымды жуайын деп орнымнан тұрғанмын. Жүрегім көтеріліп, сол жақ денем жансызданып, көзім қарауытып кетті. Ұшақтың алдыңғы қатарына жете бергенде, жолаушылардың бірінің алдына құладым. Ол менің басымды көтеріп, су бергені есімде. Жаныма араша болып, көмектескен жандарға алғысым шексіз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы