Басты Жаңалықтар Балалар саясаты 2030 жылға дейін жүйелі түрде жаңғыртылады

Балалар саясаты 2030 жылға дейін жүйелі түрде жаңғыртылады

Балалар саясаты 2030 жылға дейін жүйелі түрде жаңғыртылады. Бұл жөнінде бүгін Премьер-министр орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында айтылды. Онда «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында әр баланың білім алуы, денсаулығы, әлеуметтік қорғалуы және отбасында тәрбиелену құқықтарын сақтау бойынша жүйелі әрі үйлестірілген тәсілді қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Білім беру сапасын арттырудағы жасанды интеллект пен цифрландырудың маңызы айтылды. Аида Балаева мектепке дейінгі және бастауыш білім беруді күшейту міндетін қойды. Вице-премьер балалардың цифрлық дағдыларын ерте дамытуды ескере отырып, оқыту бағдарламаларын жаңартуды, сондай-ақ тәрбиешілерді даярлау мен олардың біліктілігін арттыру жүйесін күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар Вице-премьер оқулықтарға талдау жасап, оларды заман талабына сәйкестендіру қажет деп санайды. Бүгінде елімізде шамамен 5 миллион 900 мыңнан астам бала білім алып жүр. Алқа отырысында балалардың қауіпсіздігін күшейтуге, сапалы және инклюзивті білімге қолжетімділікті арттыруға, психологиялық және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге де назар аударылды.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

Көптеген баяндамашылар өзінің ойын ортаға салды, үлкен келелі ұсыныстар айтылды, ол ұсыныстарды эксперттік қоғамдастықпен, ұстаздар қоғамдастықпен бірлесіп жүзеге асыратын боламыз.

Алқа мәжілісінде педагог мәртебесі туралы айтылды. Бүгінде республика бойынша 23 мыңға жуық білім беру ұйымында шамамен 600 мың педагог жұмыс істейді. Педагог мәртебесі туралы заң қабылданғалы бері мектеп мұғалімдерінің жалақсы екі есе өсті. Мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің жалақысы 30% артты. Жиын соңында әлемнің үздік педагогтары қатарына енген қазақстандық мұғалімдер марапатталды.


Бөлісу