«Қазақстан» телерадиокорпорациясын 6 жарым жылдай басқарып келген Ләззат Танысбай бүгін өз шешімімен Корпорацияның Басқарма төрайымы ретіндегі қызметін аяқтады. Медиаменеджер жетістіктерге жұмыла жету жолында кәсібилік көрсетіп, ісіне адалдық танытқан әріптестеріне алғысын айтты. «Қазақ телевизиясының қарашаңырағы саналатын ұйымда бұған дейін талай жетекшілердің өзіне лайық қолтаңбасы қалды. Бұл сабақтастық жалғасын табуы қажет. Уақытпен бірге басшылардың да алмасып, ұйым жұмысына жаңа тыныс, жаңа серпін беріліп отыруы керек деп есептеймін. Бұл шешіміме қолдау білдірген сала министріне алғыс айтамын. Мен әрі қарай да отандық телевизия саласының дамуына еңбек етемін», - деді Ләззат Танысбай бүгін Корпорацияның жетекшілерімен кездесуінде.
Ал Басқарма басшылығына Ұлттық арнада тілшілік тіршілігімен көзге түсіп, кейін Қазақ радиоларына басшылық қызметке дейін өскен журналист Ернұр Бурахан тағайындалды. Мемлекеттік қызметте де тәжірибесі бар кәсіби маман соңғы бір жылда Шығыс Қазақстан облысының Ішкі саясат басқармасына жетекшілік еткен еді.
Телерадиоарналар ең алдымен аудиториясының назары мен ықыласы үшін жұмыс істейді. Сондықтан көрермен мен тыңдарманның ілтипатынан асқан баға жоқ. Әйтсе де көзге көрінетін есеп те керек. Қазір индустрияның негізгі өлшемі – рейтинг. Қаражат та соған қарай ағылады. 6 жарым жылдай қара шаңырақтың тізігінінде отырған медиаменеджер Ләззат Танысбай бастаған ұжым ұлттық арнаны «үздік бестікке» кіргізді. Осы кезеңде «Qazaqstan» телеарнасы ұлттық сарындағы мазмұнын сақтай отырып, қоғамдық-саяси форматтағы бағдарламаларға басымдық берді. Айталық, «Ашық алаң» ток-шоуы қазір биліктің мінбері ғана емес, бұқараның базынасын көтеретін басты платформа ретінде де қалыптасып үлгерді.
«Бас тақырып» сұхбаттар циклы мен тікелей эфирде тараған «Жедел желі» бағдарламасы ел басшылығында отырған жоғары лауазымды тұлғалар келіп пікір білдіретін алаңға айналды. Ал биліктің негізгі тармақтарының тыныс-тіршілігімен таныстыратын «Ақорда» және «Қос палата» хабарлары тыңнан түрен салғаны анық. Ақпараттық-сараптамалық бағытта жаңалықтар қызметі мен «Апта» жобасының қатарына «Әлем және біз» бағдарламасы қосылды. Жалпыұлттық деңгейдегі саяси науқандар кезінде өткен инфотейнмент жанрындағы көпсағаттық марафондар да медианарықта өз алдына соны із қалдырды.
Төл телехикаясын түсіру де – индустрияның бір міндеті. Корпорация осы жылдар ішінде көп бөлімді мелодрамаларды айтпағанда, тарихи тұлғалар мен шежірелі оқиғаларға арналған 22 сериалды көрермен назарына ұсынды. Оның ішінде «Міржақып. Оян қазақ!» телехикаясы тіпті мәдени феноменге айналды десек артық айтқандық емес. Оның толық метр нұсқасы үлкен экрандардан да көрсетілгені әмбеге аян.
Жазушы Сайын Мұратбековтың «Жабайы алмасы», Бердікбек Соқпақбаевтың «Он алты жасар чемпионы» мен Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романы да кино тілінде сөйледі. Сосын «Естай-Қорлан» эпосы экранизацияланды. Корпорация түсірген анимациялық фильмдер де «Балапан» телеарнасының 15 жылдығына орай кинопрокатқа шығарылды. «Шоқан. Қашқарияға сапар», «Желаяқ» және «Тоқты мен Серке» мультфильмдерін кинотеатрдан көргендер көп.
Елдің бас арнасы деректі фильмдер өндірісінен де алда. Алты жылдан астам уақытта қоғамдағы өзекі тақырыптарды қамтыған 300-ге жуық осындай форматтағы туынды көрермен назарына ұсынылды. Олардың арасында мемлекет тарихындағы алғашқы дәрігер, мұғалім, ғалым әйелдер туралы түсірілген «Қазақ қызы» циклы бар. Әр кезеңнің ұлы тұлғаларына арналған «Дәуір даналары» және түрлі салада ерен еңбегімен танылған замандастарымыз жөніндегі «Бірегей» топтамалары да жұртшылық жадында.
Алты жылда елдегі ең үлкен телеотбасының қатары да толықты. 5 жыл бұрынғы Абай тойы қарсаңында Ләззат Танысбайдың жетекшілігімен ақын атын ұлықтаған телеарнаның тұсауы кесілді. Дүние жүзін коронавирус індеті құрсауына алып, пандемия жарияланған кез еді. Корпорация ұжымы табандылық танытып, шағын құраммен жасақталған жаңа арнаны индустрияға қосып жіберді. Қазір «Abai. tv» тәулігіне 17 сағат хабар тарататын алып арна.
Отандық контентті тұтыну аясы кеңейді. Екі жылдан бері «Qazaqstan» мен «Balapan» арналарын көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия тұрғындары көре бастады. Ал «Birge.TV» стриминг платформасы арқылы корпорация өнімдерін әлемнің кез келген нүктесінен тамашалауға мүмкіндік ашылды. Altynqor.com сайты ашылып, корпорацияның құнды бейне-қазынасы сонда жүктелді. Ал 1500 ән-күй мен фольклорлық шығарманы енді әлемдік музыкалық платформалардан тыңдай алатын болдық. Ол жеке жинақ түрінде де жарыққа шықты. Түрлі тақырыптық бағыттар бойынша 10 веб-телеарна іске қосылып, жасанды интеллект көмегімен қазақ ертегілері негізінде анимациялық фильмдер шығарыла бастады.
Спорт сайыстарынан трансляция жасайтын негізгі медиа болғандықтан Корпорация комменттаторлар мен спорт журналистеріне арналған «Комментатор сөздігін» жазып шықты. Жақында таныстырылған «Редакциялық стандарт» та тілшілер үшін таптырмас нұсқаулық.
Қазақ журналистерінің қадірлі отауы саналатын ұйым жас кадрлардың ұстаханасына да айналып үлгерді. Медиаменеджер Ләззат Танысбайдың бастамасымен құрылған медиамектептен 4 жылда 123 студент түлеп ұшқан. Қатарынан оза шапқан 24-і жұмысқа қабылданды да.
Корпорацияның коммерциялық табысы осы кезеңде 50 пайызға өскен. Ал қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы жақсарып, кәсіби дамуына қолайлы орта қалыптасқанын әріптестер жылдар бойы айтып жүретінге ұқсайды. Қазақ телевизиясының қарашаңырағына бар қарымын сала қызмет етіп, өзіндік қолтаңбасын қалдырып бара жатқан медиаменеджер Ләззат Танысбай енді «Евразия» арнасына жетекшілік етеді. Ал телерадиокорпорацияның басшылығына журналист Ернұр Бурахан келді.
Данияр Қайыртай
