Солтүстік Қазақстан облысында алғаш рет жылқыны ауыздықтаған Ботай қонысында халықаралық суретшілер симпозиумы өтті. Шараға Түркия, Франция, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан сынды тағы басқа 20 мемлекеттен келген тарихшы, археолог, қылқалам шеберлері қатысты. Табиғат аясында бас қосқан суретшілер жәдігерлер арқылы тарихты қағаз бетіне түсірді.
Эльмира Кәленова, тілші:
Қызылжар өңірі жылқы малы алғаш рет қолға үйретілген мекен. Осы жерден табылған жылқының сүйектері мен ат әбзелдері соның дәлелі. Ал мынау ежелгі ботайлықтардың үйінің прототипі. Ішіндегі жәдігерлерге қарап, ғалымдар бұл шаманның баспанасы болғанын дәлелдеді. Үйдің формасы – қазіргі қазақтың киіз үйіне қатты ұқсас.
Ежелгі Ботай қонысы 1980 жылы анықталды. Қазба жұмыстары әлі күнге жалғасуда. Археологтар көптеген жәдіргерлерді тауып, тарихтың ақтаңдақ беттерін ашып келеді.
Айгерім Шайымова, экскурсия жүргізуші:
Сол уақытта бірде-бір шегесіз, осындай қарағай бөренелермен көтерілген болатын. Яғни, 6 бұрышты, 8 бұрышты үйлер бар. Тағы да ботайлықтардың үйінің ерекшелігі - бұл ортасындағы дәліз. Яғни, бұл дәліз арқылы бір үйден екінші үйге дейін қосылып отырған. Осындай үйлер 7 үйден 33 үйге дейін бір-біріне қосылып тұрған.
Жалпы аумағы 170 гектардан асатын жерде осындай 150-ден астам баспана болғаны анықталды. Меймандар ботайлықтардың тұрмысымен танысып, археологиялық қазба жұмыстарының қалай жүргізілетінін көрді. Симпозиумға қатысқан ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев өркениеттің бастауында тұрған Ботай мәдениетінің маңыздылығын атап өтті.
Анатолий Плешакшв, археолог:
Алғаш рет археолог Виктор Зайбертпен қазба жұмыстарына қатыстым. Бұл бірегей жер екенін түсіндік. Жылқы сүйектерінің көп болғаны сонша, жүк көліктерімен тасыдық. Жебенің басы, балта, балға, тері өңдейтін құрал-саймандар табылды. Әлі күнге дейін түрлі жәдігерлер анықталып келеді.
Қахриман Гучмурадов Қазақстанға алғаш рет ат басын тірепті. Түркменстандық суретші теріскейдің тұмса табиғаты ерекше шабыт сыйлағанын айтады.
Қахриман Гучмурадов, суретші:
Бұл жұмысты «Мергендер» деп атадым. Екі садақшы кезек атып, нысанаға дөп тиеді. Бүгінгі симпозиум мен үшін жақсы тәжірибе алаңы болды. Қазақ халқы өте қонақжай екен. Келер көктемде осы өлкеге тағы келіп, бірнеше картина жазғым келеді.
Симпозиумда дүниеге келген картиналар Петропавл қаласындағы «Ботай» арт-галлереясына тарту етіледі. Ұйымдастырушылар мұндай шара тарихты зерделеп қана қоймай, туризм саласына да тың серпін беретініне сенімді.
Эльмира Кәленова
