Биыл елімізде 36 мыңнан астам талапкер грантсыз қалды. Тізімге ілікпей қалғандардың арасында Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинағандар да бар. Алайда Ғылым және жоғары білім министрі абитуриенттерді үмітін үзбеуге шақырды. Өйткені түлектердің әлі де тегін білім алуына мүмкіндігі бар. Сонымен қосымша тағы қанша грант бөлінді? Ақысыз оқу үшін не істеу керек?
Асылбек Данияр, тілші:
Еліміздің әр аймағында әкімдік грантына өтінім қабылдау басталды. Әр аймақ қажеттілігіне қарай тек керек мамандық бойынша конкурс жариялады. Биылғы бөлінген нысаналы грант саны – 1729. Бұл былтырмен салыстырғанда бір жарым есе аз. Мәселен, Алматы қаласы мен Павлодар, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары бұл бастамадан қалыс қалды. Астана қаласы керісінше мырзалық танытып, талапкерлерге кеңінен мүмкіндік берді. Елорда әкімдігі 526 грант бөліп отыр. Ең азы Қостанай облысында.
Конкурсқа қатысу үшін үміткер жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясына өтініш беруі қажет. Сұралатын құжат тізімі мынадай: аттестат, ҰБТ сертификаты, төлқұжаттың көшірмесі. Егер жеңілдік санатына жататын болса, растайтын құжаттар талап етіледі. Айта кетейік, құжат қабылдау мерзімі әр университетте әртүрлі болуы мүмкін. Қосымша ақпаратты әкімдік сайтынан қарауға болады. Тағы бір қоса кететін ақпарат, әкімдік гранты – нысаналы болғандықтан, түлек оқуын аяқтаған соң сол өңірге барып, 3 жыл жұмыс істеуге міндетті.
Ректор гранты деген де бар. Ол белсенді, оқу үлгерімі жақсы, әлеуметтік осал топтағы отбасынан шыққан талапкерлерге оқу орындары тарапынан беріледі. Биыл мұндай грант саны екі мыңнан асады.
Бұдан бөлек, жұмыс беруші мен жоғары оқу орны арасында жасалған келісім негізінде жұмыс берушілер де арнайы грант бөледі.
Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 500 грант ұсынып отыр. Өтінім 17 тамызға дейін қабылданады. Грант иегерлерінің тізімі 11 қыркүйекке дейін жарияланады. Бағдарламаға қатысу үшін үміткер экрандағы талаптарға сай болу керек.
Тегін оқу мүмкіндігін ұсынып отырғандардың ішінде бірнеше жетекші компания бар. Бұдан бөлек, кейбір талапкерлер гранттан бас тартуы мүмкін. Осы кезде мүмкіндік келесі жоғары балл жинаған талапкерге беріледі. Оның нәтижесі қыркүйек-қазан айында белгілі болады. Қоса кетейін, бұл мүмкіндік ақылы бөлімде оқитын, үлгерімі жақсы студентке де берілмек.
Асылбек Данияр
