Басты Жаңалықтар Референдумға қатысу үшін мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасалады

Референдумға қатысу үшін мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасалады

Жамбыл облысында референдумға қатысатын мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасалған. Өңірде 513 Референдум учаскесі бар, оның 344-інде мүгедектігі бар адамдар дауыс бере алады. Осы жексенбі өтетін маңызды саяси науқанға өңірдің дайындығы қалай? Данияр Әлімқұл көріп қайтты.

Жамбыл облысында референдумға қатысу құқығы бар 722 мың адам бар десек, оның 2 607-і мүмкіндігі шектеулі азамат. Тең құқылы қоғам қалыптасқан елімізде олардың дауыс беруіне барлық жағдай жасалған. Осы орайда тағдыр тәлкегіне мойымаған азаматтар Референдум күні өздеріне көрсетілетін қызмет түрлерімен қазірден танысып жүр. 

Әли Димаш, I топтағы мүгедек:

Аралап көрдік, референдумға байланысты инва-такси қызметі, кіреберісте пандус бар, арбадағы кісілерге жүріп-тұру, кіріп-шығу - бәрі қамтылған. 15-і күні референдум үш күннен кейін болады. Келіп өз таңдауымызды жасаймыз.

Эльмира Ыбыраева, I топтағы мүгедек:

Кез келген мүгедектік топтағы азаматтың референдумға қатысуына жайлы жағдай жасалған. Көзі көрмейтіндер үшін трафарет бюллетень қойылған. Мен секілді арбадағы адамдар үшін кабиналардың кеңдігі ұнады. Құлағы естімейтіндер сall-орталыққа хабарласса,  сурдоаудармашы көмек көрсететінін білдік.  

Иә, референдум күні есту қабілеті бұзылғандарға 26 сурдоаудармашы бейнеқоңырау арқылы қызмет көрсетеді.  Сондай-ақ жаңа жобадағы 96-баптың аудионұсқасы мен аудио бюллетень де беріледі. Олар дауыс беру нысандары қаншалықты қамтылғанын үйде отырып-ақ inva.gov сайты арқылы да көре алады.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Мысалы, мына мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кабина талап бойынша тар болмауы тиіс. Арбадағы адамға қолайлы болуы үшін екі аралықтың ені 1 метр 20 см. Ішіндегі үстелдің биіктігі 80 см болуы тиіс. Мұнда көзі көрмейтіндер үшін Брайль қарпіндегі бюллетень мен бөлек қаламсап қойылады.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға өз көмекшісінен бөлек, кез келген адам көмектесе алады.  Бірақ Сайлау туралы заңға сәйкес қандай адамдарға қол ұшын созуға қатаң тыйым салынған? Біліп көрдік.

Әбілхайыр Боранбаев, Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясының хатшысы:

Жергілікті атқарушы және өкілді органдардың лауазымды тұлғалары, сайлау, референдум комиссиясының мүшелері және сол учаскеге тіркелген байқаушылар мен БАҚ өкілдері сол мүгедектігі бар адамдарға жәрдем көрсете алмайды. Кімге сенім артады, сол азамат оған көмектесе алады және дауыс берушілер тізіміндегі арнайы бағанға көмектескен азаматтың мәліметтері енгізіледі.

Ал жергілікті тұрғын басқа жерде дауыс берем десе, онда тіркелген учаскесінен есептен шығару туралы куәлігін алуы тиіс. Заң бойынша бас бостандығынан айырылғандар мен дауыс беруге қабілетсіз деп танылғандар референдумға қатыса алмайды. Ал тергеу изоляторында отырғандар арнайы учаскеде өз таңдауын жасай алады. Айта кетейін, үйден дауыс беретіндердің өтініші референдум күні сағат 12:00-ге дейін ғана қабылданады.

Бөлісу