Жанкент тарихы VII ғасырдан басталуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жанкент тарихы VII ғасырдан басталуы мүмкін

14.09.2018

Оғыздардың астанасы болған Жанкенттің тарихы VII ғасырдан басталған болуы мүмкін. Қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтар көне қаланың ең төменгі қабатын анықтады. 9,5 метр тереңдікке дейін бойлаған ғалымдар әлі де тың деректер табылатынына сенімді. Талай сырды ішіне бүккен тарихи мекенге шетелдік археологтар да қызығушылық танытып отыр. 

Кезінде Еуропа мен Азияны жалғаған, тіршілігі қайнаған қала қазір мүлгіп жатыр. Үйiндiге айналған шаһардың жобасы алғаш рет 1867 жылы қағазға түсірілді. Содан бері талай рет қазба жұмыстары жүргізілгенімен, археологтар Жанкенттің ең төменгі, материктік қабатына биыл ғана жетті.

Әзілхан Тәжікеев, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Археология және этнография» ҒЗО жетекшісі: 

- 9,5 метр бойы қалыптасқан мәдени қабат бірнеше жүздеген жыл бойы қалыптасқандығын көрсетіп отыр. Сыртқы бекіністік қабырғаның ішінде үлкен көше болған, сол көшеге әр ғасыр уақыт өткен сайын іштен шыққан қоқыстар болсын, сүйек қалдықтары болсын, керамика қалдықтары, соны төсеп, жүруге ыңғайсыз болып отырған кезде үстін сазбен жауып отырған тегістеп. Сөйтіп, қабат-қабат көтеріліп, кейін үстін жапқан кезде үлкен бекіністі қабырға пайда болған.

Қазір шетелдік мамандар топырақ қабаттарын зерттеп жатыр. Әр қатпардың өз ерекшелігі бар. 

Генрих Харке, Тюбинген университетінің профессоры:

- Мұнда Хорезм моделіндегі құрылыстар бар. Біз 10-ғасырға жақын қалалардың бір-бірімен байланысын, ұқсастығын табуға тырысамыз. Бұл орайда испаниялық, британиялық, украиналық әріптестердің техникалық мүмкіндігі кең. «Қаланы кім салды?», «не үшін салды?» деген сұрақтарға қазір бәріміз жабылып, жауап іздеп жатырмыз. 

Алғаш сармат, кейін алан атанған тайпаның жазу-сызбасын зерттеуші Алемани Виламахо да Жанкенттің өткеніне айрықша қызығушылық танытып отыр. Себебі, еуропалық және ресейлік ғалымдар ұзақ жылдар бойы аландарды иран тілдес деп келсе, кей ғалымдар соңғы кезде олардың түркітілдес екендігін айтып жүр. Барселоналық тарихшы да көшпенді халықтардың тарихынан ұқсастық іздейді.

Алемани Виламахо, тарих ғылымдарының докторы:

- Ескі қалалар оның ішінде 5-10 ғасырларға жататын шаһардың өмір сүру дағдылары   қызықтырады. Жалпы, көшпенді халықтардың тұрмысында ұқсастық көп.

Ежелгі шаһар оғыздардың астанасы ретінде шежірелі тарихымен құнды. Қаланың орталық бөлiгiнен ауқатты тұрмысқа тән Иранда жасалған әйнек ыдыстар мен Қытайдың жасыл түстi қыш құмыралары табылған.

Мұндағы үйлер екі және үш бөлмелі болған. Мынау орталық бөлме. Дәл ортада ашық ошақ бар, оның алдыңғы бетіне қошқар бейнесі қойылған. Бұл тіл-көзден, бәле-жаладен сақтанудың жолы болса керек. Ал, мына жерде тандыр нан пісіретін арнайы пеш бар.

Алда әлі талай тың дүние жария болады. Германияның гуманитарлық ғылымдар қоры облыстық әкімшіліктің қолдауымен Жанкентке халықаралық зерттеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу