Екі ғасырдан астам тарихы бар домбыра - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екі ғасырдан астам тарихы бар домбыра

04.07.2018

2 ғасырдан астам тарихы бар домбыра. Құнды жәдігер Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталған. Заманалармен жасасқан киелі аспап пен 60-тан астам домбыра Ұлттық домбыра күні қарсаңында келушілер назарына ұсынылды. 

Көненің көзіндей болған домбыра шамамен 19-ғасырдың басында жасалған. Сырты батыстық үлгідегі өрнектермен безендірілген.

Әнел Салауат, оқушы:

- Маған домбыралар қатты ұнады. Әсіресе, бас домбыра. Болашақта домбыра тартқым келеді.

Дильназ Мамаева, оқушы:

- Әдемі домбыраларды көрдік. Екі ішекті, үш ішекті домбыраларды көрдік. Домбыралардың қалай жасалатынын білдім.

Арқаға барсаң әншімін деме, батысқа келсең күйшімін деме. Қос ішекті аспапты жанына серік еткен, өнерді киелі санаған арда қазақтың домбыра, ажырамас бойтұмарына айналған.

Осы домбыраға қарап, сол кездегі он саусағынан өнер тамған аталарымыздың шеберлігі мен қиялына таң қаласың. Себебі, домбыраның сыртындағы сүйекпен және күміспен өрнектелген әшекейі, бетіндегі бедері күні бүгінге дейін сол қалпында сақталған. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай дыбысы да сол күйінде.

Бүгінде музей қорында дүлдүл күйшілер мен зиялы қауым өкілдеріне тиесілі 67 домбыра сақтаулы. Олардың қатарында күй алыптары Құрманғазы мен Динаның домбырасы бар.

Динара Бисембаева, Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы:

- Алдарыңызда тұрған домбыра, күй атасы, ұлы күйші, дарынды сазгер Құрманғазы атамыздың көшірме домбырасы. Бірақ та, музей қорында көптеген түпнұсқа домбыралар жинақталған. Солардың бірі де бірегейі ғасырдан ғасырға жалғасқан құнды жәдігерлердің бірі Дина әжеміздің түпнұсқа домбырасы. Домбыра 1930 жылдары жасалған. Музейге Тұяқ Шәмілов 2000 жылы тапсырған.

Алдағы уақытта қазақтың жеті кереметінің бірін насихаттауда музей ұжымы ауқымды шаралар ұйымдастырмақ. «Ұлттың баға жетпес қазынасы-мәдениеті мен дәстүрін дәріптей отырып, ұрпақ тәбиелеу басты міндетміз», - дейді олар. 

 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу