Ортағасырлық шаһар Жанкенттен иіс судың құтысы табылды

14.08.2019

Ортағасырлық шаһар Жанкенттен иіс судың   құтысы табылды. Ғалымдар мұндай ерекше жәдігерді бұрын соңды кездестірмеген. «Таң қаларлық жағдай»,- дейді. Оның қайдан, қалай келгені әзірге белгісіз. Қазір ескі қала орнында археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатыр. 

9-11 ғасырларға тиесілі қаланың орны 15 жылдан бері қазылып жатыр. Табылатын жәдігерлердің дені сыртына әсем өрнектер салынған шыны ыдыстардың сынығы болатын. Бұл жолы археологтарды осы  кішкентай  құты таңғалдырып отыр.   

 

Гүлмира Әмірғалина, Тюбинген университетінің докторанты, керамист:

Барлық жағынан хош иіс сақтайтын құтыға ұқсас. Қарапайым тілмен айтқанда, иіссудың ыдысы. Яғни бұл сырттан тасымалданған. 9-11 ғасырларда шыны өндірісі өркендеген мекен ол - Сирия жері. Жібек жолы арқылы осында әкелінуі мүмкін.

Құты Хорезмнен де  келуі   мүмкін. Мұндай да болжам бар. Себебі орта ғасырда Хорезмде шыны өндірісі кеңінен дамыған. Әрі географиялық жағынан  Жанкентке өте жақын.

Генрих Харке, Тюбинген университетінің профессоры /Германия/: 

Көшпелі халық дегенімізбен оғыздарға барлық уақытта тұрақтай алатын стандартты орын қажет болды. Ал дәл осы жерде жолдар түйіседі. Сауда керуені үшін бұл өте қолайлы.   Біздің байқағанымыз мұнда тек Жанкент  емес,   оған дейін де тіршілік болған. Қазірдің өзінде төрт дәуірдің қабаттарын анықтадық.  

Жанкенттің тарихы 7-ғасырдан басталған болуы мүмкін.    Ғалымдар 9 жарым метр тереңдікке дейін бойлады.  

Әзілхан Тәжікеев, Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Археология және этнография» ҒЗО жетекшісі:    

Әр бөлменің өлшемдері, планировкасы, осының барлығы бір жүйеде, бір бекітілген жоспармен жасалғаны көріп отырмыз. Ошақтардың орны, тандыр пештің орны, суфаның орны, жалпы ішкі интерьер бір-бірін айнытпай қайталап отырған.

Ежелгі шаһар оғыздардың астанасы ретінде шежірелі тарихымен құнды. Қазба жұмыстарының нәтижесінде 10 мыңнан астам жәдігер табылды. Әлі талай тың дүние жария болады. Ескі шаһардың қазылған жағы нағыз аспан астындағы мұражайға айналады.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу