Ақмола облысында биыл 20 мектеп қайта жаңғыртылуда. Президент тапсырмасына сәйкес, бұл бірыңғай заманауи мектеп инфрақұрылымына көшуге мүмкіндік береді.
Макинскідегі Балуан Шолақ атындағы мектеп-лицейі 1955 жылы ашылған. Әбден тозығы жеткен ғимараттың бүгінде инженерлік желілері әбден ескірген. Сондықтан реновация бағдарламасы арқылы мектепті жаңғыртып, білім беру талаптарына сәйкестендіру көзделген. Одан қалды лицейдің 40 пәндік кабинетін білім беру стандарттарына сай жабдықтау жоспарланған. Оған «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен 250 млн теңге бөлінді. Жалпы, алдағы үш жылда реновация бағдарламасы аясында облыс бойынша 90 мектеп жаңғыртылады. Негізінен ауылдық жерлердегі білім беру ұйымдарына ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға сеп болмақ.
Нұржан Қабдулинов, облыстық Білім басқармасының бас маманы:
Реновация бағдарламасы аясында 20 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар қыркүйек айының басына дейін аяқталады. Макинск қаласының Балуан Шолақ атындағы мектеп-лицейінің күрделі жөндеуіне 600 млн теңге қаражат бөлінді.
Бибінұр Әмірханқызы
