Енді дәрігерлерге қол көтергендер 15 жылға дейін сотталуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі айтты. Ақмарал Әлназарованың сөзінше, ақ халаттыларға шабуыл жасағандар 2-ден 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Төтенше жағдайда жасалған әрекеті үшін 10 жылға дейін сотталады. Ал бір емес, бірнеше мәрте медицина қызметкеріне күш көрсеткендер 15 жылға бас бостандығынан айырылады. Мұндай шешімге осындай оқиғалардың көбейіп кетуі себеп болып отыр. Соңғы 5 жылда Қазақстанда 170-ге жуық дәрігер соққыға жығылған.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізілгелі жатыр. Оған сай дәрігерлерге шабуыл жасағандар 2 жылдан 15 жылға дейін сотталады. Бұл қажет шара. Жаңа заң қыркүйекте Парламенттің қарауына ұснынылады.
Мұғалімдерге шабуыл жасағандар да қатаң жазаланады
Сондай-ақ мұғалімдерге қол жұмсағандардың да жазасы қатаңдатылады. Вице-премьер Ермек Көшербаев соңғы кезде педагогтардың да шабуылға ұшырауы жиілеп кеткенін айтты. Ол ағартушылардың мәртебесін көтеріп қана қоймай, құқығын да тиісті деңгейде қорғауымыз керек деді.
Нұрсұлтан Тілектес
