Ақмола облысында студенттердің республикалық слеті басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында студенттердің республикалық слеті басталды

22.07.2025

Бурабайда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары студенттерінің Республикалық слеті өтуде. Оған еліміздің барлық өңірлерінен 100-ден аса студент қатысып жатыр.

Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Оны мына көрмеден-ақ байқауға болады. Заман талабына сай дамыған оқу орындары шет мемлекеттермен бірлесіп, 10 халықаралық жобаны іске қосты. Мәселен, бүгінде Көкшетаудың техникалық колледжі Сингапур елінің жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатып, халықаралық аккредитациялаудан өтуде.

Чеа Син Мо, Cdio инновациялық оқыту орталығының басшысы:

Әлем қарқынды өзгеріп жатыр. Сондықтан жастар осы өзгерістерге бейімделе білуі керек. Осы ретте, Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланып, жастарға қолдау көрсетіліп отырғаны өте орынды қадам деп санаймын. Кеше Көкшетау жоғары техникалық колледжінің техникалық әлеуетін байқадым. Ұмтылысы жақсы. Электромобильдің болуы – олардың халықаралық стандарттарға ұмтылысын көрсетеді.

Осылайша, студенттер өз құзыреттерін әлемдік стандарттар бойынша растауға, шетелде тағылымдамадан өтуге, жұмысқа орналасуға және жаһандық еңбек нарығына шығуға мүмкіндік алып отыр. Осы ретте студенттер жиынына қатысқан Премьер-министрдің орынбасары дуальді оқытудың да тиімділігін тілге тиек етті. Мәселен, бүгінде елімізде 130 мыңнан аса студент дуальді оқыту жүйесі бойынша білім алып, жұмыс істеуге мүмкіндігі бар.

Ермек Көшербаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Студенттерге жағдай жасау керек. Дуальді білім беру өте тиімді жүйе. Мәселен, бір студенттің стипендиясы 40 мың теңге. Аптасына екі рет жұмыс істеп, 150 мың теңге табыс табатынын айтады. Яғни, екі күн оқып, қалған төрт күнде 200 мың теңгеге дейін табыс табу жастар үшін жақсы мүмкіндік.

Бибінұр Әмірханқызы

Хабарламаларға жазылу