Ақмола облысында құмай тазы баптап, құндылықты ұлықтап жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында құмай тазы баптап, құндылықты ұлықтап жүр

22.07.2025

Ақмола облысында тазы жүгіртіп, аңға салу дәстүрі кеңінен дамып келеді. Қашқан аңы құтылмайтын құмай тазыларды ерекше баптайтын жастардың легі көбейген. Жеті қазынаны жанына серік еткендер жандар саятшылық өнерді дәріптеп, түрлі жарыстарға қатыстып жүр.

Бибінұр Әмірханқызы, тілші:

Жүйріктігі желмен бірдей бұл тазыларды жігіттер түрлі жарыстарға қатыстырып, қанжығасын майлап жүр. Ит төресінің бабы бөлек. Күнде болмаса да, күнара 15-20 шақырым жүгіртіп тұрады. Ол үшін жаз болғасын таңғы 4-тер шамасында шығады. Бүгін де жауып тұрған жаңбырға қарамастан жаттықтыруда. Себебі, күннің аптап ыстығында жүгіртсе, өкпесі қабынады дейді. 

Тазы – өте ақылды, текті жануар. Ол өзге иттерден түр-сипатымен ғана емес, иесіне шын берілгендігімен, ақылдылығымен ерекшеленеді,-дейді тазы баптап, ата дәстүрді жаңғыртып жүрген Серік Кәрімжанов. Жылқышы болған атасы тазымен аңға да шыққан. Бүгінде немересі тазыларын түрлі жарыстарға баптайды.

Серік Кәрімжанов, Елікті ауылының тұрғыны:

Диетасы бар тазылар спортшылар сияқты атлет. Оның режимі бар. Тамақ беру, күтуі, жүгіруі, бәрі. Біркелкі емес. Бір күні былай, Бір күні тез жүгіртеміз, бір күні жай жүргіземіз.

Әулеттерінде 70 жылға жуық мерзімде қазақы ит тұқымы үзілмегендіктен, Серік құмай тазыны баптаудың қыр-сырын жетік біледі. Оған еліктеп ауылдарында тазы ұстайтындар көбейіп келеді. Елікті ауылының тұрғыны Ахмет Машаруповтың қазір үш тазысы бар. Аңшылық жөнінен онымен еш ит шендесе алмайды, дейді ол. Мәселен, мына «Оқжетпес» атты тазы бір маусымда 25 қоян ұстаған.

Ахмет Сансызбайұлы, Елікті ауылының тұрғыны:

Бізге енді былайша айтқанда деңгейі бар қоян болып тұр да. Түлкі, қарсақтар да жақсы енді. Бірақ та жылдамдықтың, жүгіретін иттің өлшемі қоян болып саналады әлем бойынша. Бірақ енді қасқырға да түсетін тазы бар дейді. Бірақ біздің жақта азулы аң жоқ болғасын, енді бізде қоян қарсақ, түлкі, арасында борсық болып тұрады.

Тазының санын көбейту - ұлттық сананы жаңғыртуға жол ашады. Осыдан екі жыл бұрын елімізде тазы мен төбетті сақтау мен көбейтуге қатысты заң қабылданды. Бұл жеті қазынаның бірі саналатын итті баптауға деген қызығушылықты арттыра түсті. Жарыстар да көбейді. Алайда, тазыны патенттеу мәселесі әлі де шешілмей келеді.

Бибінұр Әмірханқызы


Хабарламаларға жазылу