Басты Жаңалықтар Жаңа Конституцияға «Миранда қағидасы» енгізілді

Жаңа Конституцияға «Миранда қағидасы» енгізілді

Жаңа Конституцияға «Миранда қағидасы» енгізілді. Бұл жауапты органдар күдіктіні ұстаған сәтте оның негізгі құқықтарын міндетті түрде түсіндіруі керек деген ереже. Яғни ұсталған адамға оның не үшін айыпталғаны және қандай құқығы бар екені егжей-тегжейлі айтылмаса, тергеу заңсыз деп танылады. Енді 1 шілдеден бастап жаңа күшіне енгенде көпшілік осы халықаралық стандарттың тиімді тұстарын байқай бастайды.

1966 жылы АҚШ-та пайда болған термин америкалық Эрнесто Миранданың есімімен байланысты. Аризона штатында тонау және зорлау күдігімен қамауға алынған азаматтан адвокатсыз және құқығы түсіндірілместен жауап алынған. Нәтижесінде күдікті қылмысын мойындайды. Іс АҚШ Жоғарғы сотына жетіп, сот мұны адам құқығын бұзу деп таныды. Осыдан кейін полиция айыпталушының құқығын міндетті түрде түсіндіруі тиіс деген талап енгізілді.

Жамаладен Ибрагимов, заң ғылымдарының докторы:

Жай заңнамада ол күнделікті өмірде орындалмай қалуы мүмкін. Ал Конституцияның нормасына енген кезде ол міндетті түрде орындалады. Өйткені ол заңға Конституциялық мәртебе беріліп тұр. Яғни ең алғаш адам ондай кеңістікке түскен кезде толқиды, қорқады. Сондықтан оған құқықтық ережесін түсіндіру керек. Қарапайым азаматқа міндетті түрде қорғаныш болады.

Елімізде бұл ереже 2015 жылдан бері Қылмыстық-процестік кодекске енгізілген. Енді Ата заңда нақты норма ретінде бекітіліп отыр.

Мәди Мырзағараев, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы:

Бұл адамның құқығын басты назарда ұстап, ең жоғарғы деңгейге көтеретініміздің кепілі. Яғни, ең бірінші кезекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сөзінде айтты, біздің Конституциямызда көзделетін өзгерістердің барлығы да адам үшін жасалуы керек және ең бірінші кезекте осы Конституцияның өзегіне адамның құқығы болуы керек. Міне, сол адамның құқықтарын сақтаудың бірден-бір кепілінің бірі – осы.

Қысқасы, осы бір қарапайым ғана қағида адамға төнген қауіпке қарсы нақты қорғаныс амалы болмақ. Мұндай норма Конституцияда айшықталып, жүйелі жұмыс істесе, жауапты органдар айыпты мойындату арқылы емес, нақты дәлелдер арқылы анықтайды. Қорқытып-үркітусіз әділ жүргізілген тергеу – әділ сотқа сенімді арттырары анық.

Бөлісу