Павлодар облысында ондаған мың адам металлургия саласында еңбек етіп жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында ондаған мың адам металлургия саласында еңбек етіп жүр

19.07.2025

Шілденің үшінші жексенбісі, яғни ертең металлургтер күні. Бір ғана Павлодар облысында ондаған мың адам металлургия саласында еңбек етіп жүр. Темірмен жұмыс істеп, бүкіл өркениеттің негізін қалаған кенші мен металлург бұл өңірде ерте дәуірден бастап қалыптасқан кәсіп иелері. Бұған аймақ аумағынан табылған және әлі де табылып жатқан сонау Андронов мәдениеті кезінде қолданылған шахталық пештер дәлел. Ал қазір өңір металлургия бойынша елімізде көш бастап тұр. Дәл осы сала халықаралық сауданың дамуына серпін берді. Ал бұл қарапайым жұмыс адамының күшінің арқасында қол жеткен жетістік. Келесі бейнематериал еңбек адамдары жайында.

Бұл Павлодардағы жіксіз құбырлар шығаратын зауыт. Дәл осы жерде руда балқытылып, қорытпадан түрлі дайын өнім шығарылады. Марина Полат бала кезінен темір-терсекке ұйір болған. Ескі радиоларды бұзып, ішіндегі қылдай жез сымнан түрлі тоқыма жасайтынмын дейді. Мектеп бітірген соң түсті металлургия колледжіне оқуға барған. Қазір ол балқыту зертханасында жұмыс істейді.

Марина Полат, химик-зертханашы:

Мектеп бітірерде маған мамандық таңдау қиын болған жоқ. Химия пәнінен үлгерімім мықты болатын. Институтқа түсемін деп қиналмай-ақ орта кәсіби маман боламын деп шештім. 2018 жылдан бері осында үзбей істеп келемін. Мамандығым ұнайды.

Марина өндірісте ғана емес, үлкен сахналарда да өзінің шеберлігін көрсетіп жүр. Жуырда жұмысшы мамандары жылына орай ұйымдастырылған «Екі жұлдыз» облыстық байқауына қатысып жүлдегер атанды.

Марина Полат, химик-зертханашы:

Көп адам зауыт әйелдердің қолы емес деп санайды. Ал, бұл жерде түрлі жұмыс бар.Ең бастысы әйелдердің қолынан бәрі келеді. Мен мынау ер адамдікі, мынау әйел атқаратын жұмыс деп бөлгенді қолдамаймын.

Ал, Евгений өзінің қатарластарымен бірге бала кезінен теңізші болуды армандаған екен. Ертіс жағасында отырып кемемен сонау қиырларға баруды жоспарлайтын едік дейді. Ол аса жоғары температурадағы цех ішінде жұмыс істейді. Болат балқытқанына биыл 20 жыл толды.

Евгений Тихоненко, болат балқытушысы:

Бала кезімде болат балқытушы болу деген түсіме де кірмеген еді. Бірақ тағдыр мені осы жұмысқа алып келді. Әрине өте қауіпті жұмыс. Бала кезімде от болып жанып тұрған сұйық металдың суретіне қарап таңданатынмын. Қазір 5-6 метр жерден тұрып алып шөмішке құйып жібереміз. Болат балқыту ұжымдық еңбек.Әріптестеріме сәттілік тілеймін!

Тәуелсіздік алған жылдардан бері Ертіс-Баян өңірі металлургиялық өндірістің маңызды орталығына айналды. Биыл Екібастұз қаласы аумағында жаңадан екі ферроқорытпа зауыты іске қосылмақ.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу