Әлемде жасыл энергия үлесі артты
Британ ғалымдары жаңартылатын энергия көздерінің ғаламдық сұраныстың қомақты бөлігін қамтамасыз ете бастағанын алға тартады. Бірақ қуануға әлі ерте. Өйткені біраз мемлекет әлі де мұнай, газ және көмірге тәуелді.
Биылғы жылдың
алғашқы 6 айында күннен алынатын қуат көзі 31 пайызға, ал желден алынатын
энергия 7,7 пайызға артқан. Британиядағы Ember талдау
орталығының есебінше, күн мен жел станциялары жүздеген миллион үйді жарықпен қамтамасыз
етуге жетерлік қуат өндіріп, алғаш рет көмір энергетикасына деген тәуелділіктен
арылды. Мұндай нәтижеге, ең алдымен, Қытай мен Үндістандағы жасыл
технологиялардың серпінді дамуы себеп.
Андре Корреа Ду Лагу, Климат жөніндегі 30-шы жаһандық
конференцияның президенті:
Қытай — аккумулятор, электромобиль, күн панелі және жел генераторын жасауда айқын көшбасшы. Бұл ел өндіріс ауқымын кеңейту арқылы жасыл технологияларды көпшілікке қолжетімді етті. Бүкіл әлемнің таза энергияға көшуіне жол ашты.
Дегенмен баламалы энергия өндірісінің шамамен 88
пайызы әлемде әлі де қазба отындарына – көмір,
мұнай және табиғи газға тәуелді. Еуропада биыл желдің әлсіз соғуы мен құрғақшылық
салдарынан жаңартылатын энергия өндіру үлесі төмендеп, газ бен көмірдің дәурені
қайта жүрді. Сондықтан аймақ АҚШ, Катар және Норвегиядан жеткізілетін сұйытылған
газды тұтынбақ.Халықаралық ұйымдар мұны алаңдатарлық үрдіс санайды.
Лорна Голд, Laudato, Si' экологиялық қозғалысының атқарушы директоры:
Әлем басшылары климатты қорғау бағытында нақты әрі батыл қадамдарға бара алмай отыр. Қоршаған ортаның әсіресе кедей елдерде тозуы бізді қатты толғандырады.
АҚШ жаңартылатын энергетика саясатын қайта қарап,
көмір, мұнай және газ саласын қолдауға басымдық беріп отыр. Алдыңғы үкіметтің
экологиялық бастамалары доғарылып, «жасыл» технологияларға бөлінген қаржы қысқартылды.
Сарапшылардың пікірінше, бұл жақсылыққа алып келмейтін әрекет.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
