Қаракөл тұқымын әлемге танытқан Б.Мейіровті созақтықтар ұмытпайды
Елімізде қаракөл тұқымын асылдандырып, сұрыптауға көп еңбек сіңірген Балтабай Мейіровті бүгінде көпшілік біле бермейді. Білікті маман ұзақ жылдар Түркістан облысының Созақ ауданында асыл тұқымды мал, қаракөл тұқымдарын сұрыптаумен айналысқан. Калинин совхозында еңбек етіп жүріп, қаракөл тұқымын асылдандыруды ерекше жолға қойды.
Балтабай Мейірұлы 1914 жылы Ақтөбе облысының Ойыл ауданы, Алты қарасу ауылында дүниеге келген. 1937 жылы Мәскеу зоотехникалық институтын қой шаруашылығы мамандығы бойынша бітірген. Өзбекстанда 25 жыл зоотехник, совхоз директоры, партия ұйымының хатшысы қызметін атқарды. 1963 жылы елге оралып, Созақ ауданында қаракөл тұқымдарын асылдандырды. Бүгінде ауыл ақсақалдары Балтабай Мейірұлының еңбегі ерен екенін айтады.
Анарбай Шәдібеков, Шолаққорған ауылының тұрғыны:
Жұмыс десе үй, бала-шағаның бәрін ұмытып кететін. Күні-түні фермалардың ішін аралап жүретін адам. Совхозды дамыту үшін көп тірлік істеген адам. Қаракөлден 210 басқа дейін алған қозыны. Передовой болған, Калинин совхозы.
Балтабай Мейірұлы бас зоотехник болғанда Калинин совхозында қаракөлдің басы 72 мыңға, Созақ ауданында 500 мыңға жетті. Сол жылдары ол Мәскеуде өткен аукционға барып, Созақ қаракөлінің елтерісін таныстырып қайтты. Қаракөл тұқымын асылдандыруға зор үлес қосқан асыл азамат 1973 жылы ұзаққа созылған ауыр науқастан көз жұмды. Артында 4 ұл, 3 қызы қалды.
Мэлс Мейіров, Балтабай Мейіровтің ұлы:
Атқарған жұмысының қиындығы ма, бір баласын да ауыл шаруашылық мамандығына оқытпапты. Жетеуінде инженер, екі дәрігер, екі құрылысшы, бір механик, бір мәдениет қызмет саласының адамы.
Балтабай Мейірұлының ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалмады. 1958 жылы «Ленин» орденімен, 1966 жылы «Құрмет белгісі» орденімен және «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды. Елі үшін аянбай еңбек еткен аяулы перзентін елі де ұмытпақ емес.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
