Бұдан былай көппәтерлі тұрғын үйді басқару формасын тұрғындар өздері таңдайды. Мүлік иелері бірлестігін құрып, тұрғын үйді өздері басқара ма, әлде кәсіби басқарушы компанияның көмегіне жүгіне ме, оны пәтер иелері шешеді. Сонымен қатар қызмет көрсетуші мекемелердің жауапкершілігін арттыру үшін айыппұлдар қарастырылған.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Ақтау қаласында 291 көппәтерлі үй бар. Оның басым бөлігін мүлік иелері бірлестігі басқарады. Ал 45 үй жай серіктестікке берілген. Заң бойынша енді жай серіктестіктердің жұмысы тоқтайды. Сондықтан олар тікелей басқару формасына көшуі тиіс.
Енді көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың екі формасы болады. Біріншісі - мүлік иелері бірлестігі мен пәтер иелері кооперативі бірлесіп, заңды тұлға ретінде қайта тіркеледі. Екіншісі - тікелей басқару. Егер көппәтерлі тұрғын үйлерде пәтер саны 36-ға жетпесе, тұрғындар араларынан бір адамды белгілеп, үйді басқаруға болады. Ол үшін заңды тұлға ретінде тіркелмейді. Мамандар заңның тиімді тұстары көп екенін айтады.
Нұрадин Көшербаев, Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы:
Қызмет көрсететін мекемелер тұрғындарға ай сайын есеп береді. Бұрын мүлік иелері бірлестігі есепті ай сайын береді де, пәтер иелері кооперативі жылына бір рет беретін болған. Ал қазір қай басқару формасына қарамастан барлығы тұрғындарға өздерінің жасап отырған есебін береді.
Заңда мүлік иелері бірлестігіне қатысты бірқатар өзгерістер бар. Бұрын төраға 1 жылға сайланса, енді 3 жыл. Бірлестік қызмет көрсетуші маманмен келісімшарт жасай алады. Ақтаулық Рысбек Мергенов 20 жылдан бері тұрғын үйлерді басқарып, сервистік қызмет көрсетеді. Оның айтуынша, енді заң бойынша бұл салада кәсіби мамандар ғана жұмыс істейді.
Рысбек Мергенов, Тұрғын үйлерді басқарушы компанияның директоры:
Жалпы, дайынбыз, қазірдің өзінде барлық қосалқы және нормативтік актілер шықты, олармен танысып жатырмыз. Қыркүйек айында біліктілікті арттыру курстары өтеді, соған да дайындалып жатырмыз. Заңның басты талаптарының бірі — бұл іспен айналысу үшін арнайы сертификаттың болуы. Яғни, көппәтерлі тұрғын үйді басқару жөніндегі менеджер деген құжат болуы керек.
Бүгінде Қазақстан бойынша, 7 мыңнан астам мүлік иелері бірлестігі құрылған. Бұл барлық үйлердің санының 15 пайызын құрайды. Ал басқалары әсіресе аймақтардағы ескі тұрғын үйлерде бұрынғыша пәтер иелері кооперативтері жұмыс істеп жатыр.
Қарахан Қаби, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту басқармасының басшысы:
Осы заңда КСК-лардың жұмысын құқықтық тұрғыдан реттеп, заңдастыру көзделген. Қазір бұл заң қабылданғаннан кейін адамдарда таңдау құқығы бар. Яғни, өздері үйреніп қалған, бұрыннан жұмыс істеп жүрген КСК-ны үйлерінде қалдырып, оның қызметін әрі қарай жалғастыруға болады. Ол үшін бір ғана талап – үйде жиналыс өткізіп, басқарушы компанияны таңдап, хаттама рәсімдеп, сол бойынша жұмысын жалғастыра беру керек.
Заңдағы тағы бір өзгеріс - бұрын тұрғын үйге ағымдағы және жинақ шоттарын ашпаған, ай сайын есеп бермегені үшін ескерту ғана қарастырылған болса, енді 50-ден 100 АЕК-дейін айыппұл салынады. Әрі айыппұлды бірлестік төрағасы жеке қалтасынан төлейді.
Аягөз Оралбайқызы
