Бала асырап алу: Кәсіби қабылдаушы отбасыға таңдау құқығы берілмейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бала асырап алу: Кәсіби қабылдаушы отбасыға таңдау құқығы берілмейді

10.07.2025

Қазір өңір-өңірде бала асырап алуға ниетті отбасылардан өтінім қабылдау басталды. Шілдеден бастап бала асырап алудың жаңа формасы іске қосылған еді. Соған сай, кәсіби қабылдаушы отбасы болудың өз талап-ережесі бар. Берілетін қаржылай қолдау мөлшері де аз емес. Сәйкесінше, жауапкершілігі жоғары.

Асылбек Данияр, тілші:

Соңғы үш жылда елімізде балалар үйінде тәрбиеленушілер саны едәуір азайған. Жыл сайын мыңға тарта баланы асырап алады. Жабылып жатқан мекемелер де көп. Оқу-ағарту министрлігі берген мәлімет бойынша, қазір 111 ұйым жұмыс істеп тұр. Статистика бойынша, елімізде 20 мыңнан астам жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Оның 17 мыңы отбасында тәрбиеленуде. Қалған үш жарым мыңы балалар үйінде.

Жуырда кәсіби қабылдаушы отбасы формасы жұмысын бастады. Бұл – баланы отбасыға орналастырудың уақытша түрі. Мерзімі 6 айдан бір жылға дейін. Бала сол жанұяға үйренісіп кетсе, оны өздеріне қалдыруға болады. Кәсіби отбасы 4 балаға дейін қамқорлығына ала алады. Енді үміткерге қойылатын талаптарға тоқталсақ.

Ниет білдірген ата-ананың жасы 30-63 аралығында болуы шарт. Сотталмаған, дені сау, наркологиялық және психоневрологиялық диспансерде есепте тұрмауы керек. Тұрақты табысы, әрі әр балаға шаққанда 15 шаршы метрден үйі болуы тиіс. Үш ай арнайы оқудан өту міндетті. Айта кетейін, тағы бір дүние – баланың туыстары кәсіби қабылдаушы отбасыға үміткер бола алмайды.

Гүлжайнат Төлегенова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы:

Мұнда баланы анықталған сәттен бастап, бірден интернаттық мекемеге емес, бірден кәсіби қабылдаушы отбасыға беріледі. Төрт санаттағы балалар орналастырылады. Олар: жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар сонымен қатар панасыз және қараусыз қалған балалар.

Асылбек Данияр, тілші:

Тағы бір ерекше атап өтетін нәрсе – кәсіби қабылдаушы отбасыға бала таңдау құқығы берілмейді. Бас тарта да алмайды. Олар ағайынды, диагнозы бар, ерекшелігі бар бала болуы бек мүмкін. Жобаның да ерекшелігі осында. Жалпы, балалар отбасыға берілген соң оны қамқоршылық органдары жиі тексеріп бақылап отырады. Дегенмен, Ұлттық бала асырап алу агенттігінің жетекшісі, мұндай жанұяларға сүйемелдеуші маман керек дейді.

Фарида Рахметова, Ұлттық бала асырап алу агенттігінің жетекшісі:

Бізде бір проблема – қабылдаушы отбасылар сүйемелденбейді. Яғни, отбасыға келген бала, ол – жарақаты бар бала. Проблема болады ол отбасыда. Кәсіби мамандар бұл отбасыға көмектесуі қажет. Біз статистикаға қарағанда жылына мың бала орналастырылса, солардың 20-30 пайызы мекемеге қайтып келуі мүмкін. Оның бәрі сүйемелдеудің заңдастырылмауына байланысты.

Бұл ұсыныс қазір қарастырылып жатыр екен. Болашақта заңдастырылуы да мүмкін. Енді қалай өтінім береді, осыған тоқталсақ. Құжаттарды үйден шықпай-ақ, eGov арқылы жинауға болады. Отбасы психологиялық дайындықтан өткен соң сертификатын алып, қамқормшылық органға жүгінеді. Олармен әңгімелесу жүргізіледі. Тұрмыстық жағдайы тексеріліп, қорытынды беріледі.

Бала асырап алудың бұл нысаны қаржылық қолдаумен де ерекшеленеді. Әр балаға 10, үміткер ата-анаға 140 айлық есептік көрсеткішінде төленеді. Бұл 589 800 теңге.

Асылбек Данияр, тілші:

Жалпы алғанда бұл бастаманың түпкі мақсаты – балалар үйінің санын азайту. Әр баланың отбасында тәрбиеленуіне жағдай жасау.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу