Түркияда Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды
Түркияның Анталия қаласында өтіп жатқан халықаралық туризм көрмесінде Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды. Әлемнің әр түкпірінен келген қонақтарға Түркістан мен Маңғыстау өңірлерінің ерекше табиғаты мен тарихи ескерткіштері жайлы мағұлмат берілді. Көрме аясында Анталиядағы Қазақстан консулдығының ұйымдастыруымен туристік жобаларды бірлесе дамытуға бағытталған меморандумға қол қойылды.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Анталия қаласында осымен 7-рет ұйымдастырылып отырған халықаралық туризм көрмесі осы сала бойынша әлемдегі ең ірі көрмелердің бірі. Биылғы жиынға әлемнің 70-ке жуық елінен үш мыңнан аса компания қатысып жатыр. Олардың қатарында өзіміздің Маңғыстау мен Түркістан өңірлері де бар.
Қазақстанның туристік әлеуетін бағалап, осы бағытта бірлесе жұмыс істеуге ынталы инвесторлар көп. Солардың бірі түркиялық компания Маңғыстаудың көрікті жерлерінде әуе шарларын ұшыру жобасына қатысты облыс әкімдігімен меморандумға қол қойды.
Ерсін Ибрашев, Маңғыстау облыстық Туризм басқармасының басшысы:
Маңғыстау облысынан көрмеге 7 ірі туроператор алып келдік. Өңірдің туристік әлеуеті мен жаңа туристік бағыттарын таныстырдық. Биыл Ақтау қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Бұл да туристердің көптеп келуіне ықпал етті. Бүгін Түркиялық инвестормен жасалған меморандум туризмнің жаңа бағыттарын дамытуға жол ашады.
Махмуд Улуер, түркиялық кәсіпкер:
Біз ұзақ жылдар бойы Түркияның Каппадокия аймағында әуе шарлары турларын ұйымдастырып келеміз. Туризм жылдам дамып келе жатқан Маңғыстау өңірін зерттедік. Ауа райы мен табиғаты әуе шарларын ұшыруға өте қолайлы. Осыны ескере отырып келесі жылдан бастап әуе шарлары турларын ұйымдастырмақпыз.
Ал Түркістан өңірін Түркияда ерекше жақсы көреді. Қожа Ахмет Яссауи кесенесін бір көру әр түркиялықтың арманы десек артық емес.
Ердәулет Пазылбеков, Түркістан Туристік визит орталығының бас директоры:
Түркістанға қызығушылық көп. Себебі бұл жаңа өңір. Бұл кісілерге Қазақстан басқа шеттерінен ашылып, өте көп эмоция береді. Жылдан жылға динамика бізде өте жақсы. Қазіргі таңда алдыңғы жылмен салыстырғанда бізде екі есе өсім бар.
Жалпы Түркиядан 2023 жылы елімізге 50 мыңға жуық турист келсе, былтыр бұл сан 130 мыңнан асқан.
Дениз Варол, Анталия халықаралық әуежайының директоры:
Біздің компания Алматы мен Анталия қалаларындағы әуежайларды басқарып отыр. Жыл өткен сайын Қазақстанда туризм саласы өркендеп келе жатқанын байқап отырмыз. Мәселен бұрындары Қазақстаннан Анталияға келетін турист көп еді. Қазір Анталиядан Қазақстанға баратын туристер саны артып отыр.
Үш күнге жалғасатын көрмеде туризм саласындағы әлемдік
компаниялар жаңа нарық іздеп, ерекше туристік бағыттардың жоспарын құрады. Бұл
ретте Қазақстанның әлеуеті зор.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы