Мұтырғановтар әулеті мұратына жетті. Өнерпаз отбасы елімізде алғаш болып Шапито циркін ашты. Енді олар көшпелі шатырымен өңір-өңірді аралап, көрсетілімдерімен халықтың қошеметіне бөленуді көздеп отыр. Осы мақсаттағы бағдарламасын Астанада «ЭКСПО» алаңында бастап кетті. Қала күнінен бері жұртшылықты шоу-қойылымдарымен қуантуда. Әсіресе, балалар мәз.
Мұрат әдеттегідей өнер көрсетуші емес. Ол бүгін әртістерінің өнерін дәріптеуші. Яғни, жүргізуші рөлінде. Оның ұжымында 40-қа жуық өнерпаз бар. Көбісі кәсіби маман. Ал, кейбірі шыңдалып жүр. Көк шатырға иелік ету Мұтырғановтардың көптен бергі арманы еді. Шапитоға да қолы жетті. Ел ішіндегі таланттардың танылуына да мүмкіндік берді.
Мұрат Мұтырғанов, цирк артисі:
- Ел аралап өнер көрсету әкемнің арманы болатын. Енді мұны біздің үйіміз десек те болады. Әрине, біз 1500 адам отырып тамашалай алатын орын болса дедік. Мынау 300 орынға шақталған. Бірақ, мұның өзі келешекке жетелейді. Енді тек отандық циркті дамытуға күш саламыз.
Сөйтіп классикалық цирк әкелі-баланың ғана емес отбасы мүшелерінің де сүйікті ісіне айналды. Барлығы шапитоға жұмылған. Қазір ұжымда жонглер, акробат, гимнаст пен сиқыршы және өзге де әртістер өнер көрсетеді. Олар әр қойылымға тыңғылықты дайындалатынын әрі тың дүниелер жасауға тырысатынын айтты. Көрермендердің көңілінен шыққан тәрізді.
Әр көшпелі көрсетілім кезінде балаларға арналған шеберлік сабақтарын өткізу жоспарланған. Алдағы уақытта тұңғыш отандық цирк өнері шетелдерге де сапарлайтын болады.
Нысаналы ЫҒЫЛ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.