Елімізде онлайн несие рәсімдеу тәртібі өзгеруі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде онлайн несие рәсімдеу тәртібі өзгеруі мүмкін

08.07.2025

Елімізде онлайн несие рәсімдеу тәртібі өзгеруі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жаңа ереже ұсынды. Оған сәйкес, үлкен соммадағы несиені лезде алу мүмкін болмайды. Бір күнде бірнеше кредит рәсімдеу де тоқтатылады.

Елордалық Анарбек Мархабай 1,5 жыл бойы интернет алаяқтарымен күресіп келеді. Былтыр белгісіз біреулер оның атынан 7 несие рәсімдеп жіберген. Құны 16 миллион теңге. Бірақ ол әрі-бері сабылып жүріп, өзінің несие алмағанын дәлелдеді. Қарызы кешірілді. Енді өзі секілді алаяқтардың құрбанына айналған азаматтарға жәрдемдесіп жүр. Онлайн қарызға қатысты 4 ұсыныс айтқан.

Мархабай Анарбек, қала тұрғыны:

Біріншіден, антифросик жүйені толықтай іске қосу керек. Ол жұмыс істейді. Бірақ банктер оны керек кезде іске қоса алады. Ол ондай болмау керек. Екіншіден, қарыз өтеушінің жүктемелік, яғни өтеу қабілеті. Ол 50 пайыздан аспауы керек. Үшіншіден, электрондық цифрлы қолтаңбаны пайдалану. Төртіншіден, биометриялық тексеруді қосу қажет.

Агенттік ұсынып отырған жобадағы ерекшеліктер мынадай. Онлайн рәсімделген несие соммасы 150 АЕК-тен, яғни 690 мың теңгеден асса қаражат бірден берілмейді. 1 тәуліктен кейін бірақ түседі. Осы уақыт аралығында несие рәсімдеуші банкке барып, немесе eGov порталы арқылы келісімді растауы керек. Бір күнде бірнеше микрокредит рәсімдеген азаматқа несие беру уақытша бұғатталады. Бірінші рет несие алатындар, 21 жасқа дейінгілер мен 55 жастан асқандар онлайн қарыз мүлде ала алмайды.

Экономист Жангелді Шымшықов бұл өзгерістер бастамасы ғана дейді. Алаяқтардың жымысқы әрекеттерін тиып алған соң, халықтың несиелік жүктемесін азайту мәселесі қолға алынуы тиіс деп есептейді. Өйткені, проблемалық несие көбейген сайын мемлекетке экономиканы дамыту қиындай түседі.

Жангелді Шымшықов, экономист:

Бізде тәжірибе қалыптасқан, егер де банктің қауіпті портфелі ұлғая бастаса, онда біраз сомманы мемлекет есептен шығарады. Сондықтан бұл жерде банктердің, микроқаржылық ұйымдардың масылдығын жою керек. Бізде қиындық туады, дағдарыс, күйзеліс болады, қаржылық қиындықтар болса соның бәрін қарапайым халықтың есебінен шешеді. Онлайнға шектеу қоюы, оны қиындатуы барлығы дұрыс-ақ. Бірақ ол бетіндегі шаруа. Сыртқы мәселе. Түпкі мәселе, банктердің жауапкершілігін арттыру қажет.

Ербосын Нұрмұхан болса, жаңа ережеде кәсіпкерлердің мүддесі ескерілуі тиіс деп есептейді. Бизнесті дамыту үшін айналымға жылдам ақша қосып отыру маңызды. Сондықтан онлайн несие бүгінде біз үшін аса маңызды дейді ол.

Ербосын Нұрмұхан, экономист, кәсіпкер:

Бұл тауар айналымы мен қаржы айналымының ақырындауына әкеп соғады. Өйткені қазір кез келген кәсіпкер ақша қажет болатын болса дереу онлайн кредит рәсімдейді де өзінің тауарын сатады, болмаса тұтынушылық кредит алады. Сонымен өзінің тауарын сатады. Қазір енді осы шара қолданылатын болса, осы қазіргі біздің жүріп отырған тауар айналымымыздың, қаржы айналымымыз керісінше ақырындайды. Сол үшін бұның пайдалы жері де бар, пайдасыз жері де бар.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жаңа жобасы әлі қабылданған жоқ, жария талқылауға ұсынылды. Сондықтан әр қазақстандық де мемлекеттік мәселеге үлес қосып, ұсынысын айта алады. Айта кетейік, тың тәртіп алаяқтардың шабуылынан қорғану үшін қабылданбақ.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу