Жуырда «Ине» фильмінің өңделген нұсқасы шығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жуырда «Ине» фильмінің өңделген нұсқасы шығады

24.07.2018

Киносүйер қауым үшін тағы бір айтулы жаңалық. Жуырда белгілі режиссер Рашид Нұғымановтың «Ине» кинокартинасының қайта өңделген нұсқасы айналымға шығады. Бұл кинода басты кейіпкерді әйгілі рок-әнші Виктор Цой сомдаған. Сондықтан, оның әндерін құрметтейтін көпшілікке кинотуынды жақын болған.

«Ине» фильмі 1980-1990 жылдары көрерменнің ыстық ықыласына бөленген бірегей туынды. Өйткені, мұнда сол кездегі өмірдің шындығы, қоғамның бейнесі көрсетілген. Бұл мәселе бүгінгі қоғамның да айнасы іспетті. Осы себепті режиссер 30 жыл бұрын жарыққа шыққан кинотуындыны жаңғыртып, үлкен экраннан көрерменге қайта ұсынуды жөн көріпті.  

Рашид Нұғыманов, «Ине» фильмінің режиссері:

- Фильмде Моро есімді кейіпкерді Виктор Цой сомдайды. Бұл өмірде болған оқиғаға негізделген. Басты кейіпкер Алматыда өмір сүргендіктен, біз киноны осы қалада және Аралда түсірдік. Кинотуынды арқылы қоғамның тынысын көрсеттік. Фильмді көру арқылы есірткіден бас тартып, дұрыс жолға түскен адамдар маған хат жазды. Одан бері 30 жыл өтті. Қазір де есірткіге әуес адамдар бар екендігі рас. Сондықтан, қайта өңделген туындымыз олардың түзелуіне септігі тисе деген оймен жасадық.  

Кинотуынды өмірдің шынайы көрінісін суреттеп, қоғамның дертіне айналған мәселені ашық көрсетеді. Осы арқылы әлеуметтік қиындықтардың салдарынан, бағытынан адасқан жандарды түзу жолмен жүруге шақырады. Сондықтан, бұл өмірден орнын таппаған өскелең жастарға жол көрсететін туынды, дейді мамандар.

Дмитрий Кириенко, «Chaplin Cinemas» кинотеатрлар желісінің коммерциялық директоры:

- Біз бұл фильм Алматыда түсірілгендіктен, мегаполистің тұрғындары мен қонақтарына қызықты деп ойлаймыз. Өйткені, мұнда шынайы қоғамдық көрініспен қатар, алып шаһардың өткен тарихы бейнеленген. Егер көрермен тарапынан қызығушылық болса, фильмді Виктор Цойдың дүниеден озған күніне дейін, яғни, тамыз айының 15-іне дейін көрсетуді жоспарлап отырмыз.  

Отыз жыл бұрын көрерменнің ыстық ықыласына бөленген фильмді қайта өңдеуге шығармашылық топ жұмыла кіріскен. Сондықтан, бұл талғампаз көрермен үшін айтулы жаңалықпен тең. Айта кетейік, фильмнің эксклюзивті көрсетілімі 26-шілдеден бастап, тек Алматыдағы «Chaplin Mega Park» және Астанадағы «Chaplin Khan Shatyr» кинотеатрларында көрсетіледі.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу