Аптадағы мән беретін саяси жаңалықтың бірі – «Антикор» деп атайтын ведомство ҰҚК –не қосылды. «Президент Қ.Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосу арқылы қайта ұйымдастырды», деп хабарлады Ақорда.
Қаулыда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі құрылсын деген. Өзгерісті жүзеге асыруға екі айдай кетеді.
Антикордың атқарған функциялары толығымен ұлттық қауіпсіздік комитетіне өтпейді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат деп аталатын тармағы - коррупцияның себептерін азайту, коррупцияға қарсы мәдениетті қалыптастыру Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің құзырына беріледі.
Жемқорлықпен күрес қызметі елімізде 2003 жылы құрылған. Ведомство түрлі министрліктердің құрамында болды. 2019 жылы Президентке тікелей бағынатын агенттік ретінде құрылымдалған еді.
Ал ҰҚК-ң 2014 жылға дейін сыбайлас жемқорлықпен күрес функциясы болды. Бұл органның Әлнұр Мұсаев, Нартай Дүтбаев және Кәрім Мәсімов деген төрағалары «мемлекеттік құпияны жариялады», «Отанға опасыздық жасады», «билікті басып алмақ болды» деген айыптармен әр жылдары істі болған.
Мәсімовтің үш орынбасары да сотталған. Тек бір орынбасары - Самат Әбіш шартты түрде сотталды. Бұл оқиғалар жүйе тарихының «қою қара» парақтары...
Осы аптада 8 маусымнан бері бос тұрған Көлік министрі тағайындалды. 2021 жылдан «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын басқарған Нұрлан Сауранбаевты қойды.
Жүк тасымалы, жолдарды жөндеу мен салу, жалпы еліміздің транспорттық, логистикалық әлеуетін арттыру ең маңызды стратегияға айналғанын көріп отырмыз. Себебі саяси жағынан да, экономика жағынан да пайдасы зор инструмент. Сол инструментті және содан туған мүмкіндікті ұтымды пайдалану процесін басқаратын адам қандай болуы керек? Өткенде айттық, М.Тынышпаев сияқты.
...Ең болмағанда, «адал қызмет етті» деген сипаттама берілетін қызметші.
Жайна Сламбек
