Астанада халықаралық би фестивалі өтіп жатыр. Алғаш рет ұйымдастырылп отырған шараға Орта Азия елдерінен 100-ден астам өнерпаз қатысуда. Фестиваль барысында жас бишілерге АҚШ-тан келген талантты хореографтар екі апта бойы шеберлік сабақтарын өткізбек. Өнерпаздар неоклассикалық балет, модерн, бродвей, джаз, хипхоп сынды би түрлерін үйреніп, хореграфияның фото-видео түсірілімін игереді. Екі апталық іс-шара мәдениаралық және кәсіби тәжірибе алмасу алаңы. Орталық Азия аумағында неоклассикалық және заманауи хореографияның дамуына үлес қоатын жиын. Айта кетейік, аталмыш фестивальге би және хореография саласындағы кез келген маман тегін қатысып жатыр. Оны ұйымдастыруға еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі мен АҚШ елшілігі мұрындық болды.
Пол Эмерсон, фестивальді ұйымдастырушы:
- Алғаш рет осындай шеберлік сағатын Қазақстанда 2016 жылы өткіздік. Сол кезде Қарағанды қаласына барған болатынбыз. Кездесуге 30 шақты адам жиналатын болар десек, би үйренгісі келетін 200 адам келді. Жалпы, қазақстандықтар бидің классикалық түрін өте жақсы меңгерген. Сондықтан, түрлі жанрдағы биді үйрену қиынға соқпайды.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ