Елордалық циркте «Астана» атты жолбарыс өнер көрсетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордалық циркте «Астана» атты жолбарыс өнер көрсетті

18.07.2018

Астаналық тұрғындар мен қала қонақтарының назарына! 21-шілдеден бастап астаналық циркте ерекше қойылым басталады. Ол жаз аяқталғанша болады. Елордаға цирк өнерімен әлемге танылған ағайынды Артур мен Карина Багдасаровтар келді. Ресейлік әртістер өздерінің жолбарыстарымен бірге өнер көрсетпек. Олардан басқа да ерекше өнер иелері бар. Өнер ұжымы қазір қызу дайындық үстінде. Бүгінгі әзірліктерін балалар да қызықтады.

Жүрісі алшаң, қимылы шапшаң жолбарыс бүгін халық алдына бірінші рет шықты. Сондықтан болар, иесін де, манежді де сәл жатырқаңқырап тұр. Дегенмен, бойында батылдық қасиет дарыған жыртқыш аң лезде икемге келіп, бар өнерін көрсетті. Сахнадағы алғашқы қадамын елордада бастаған жолбарысқа иелері «Астана» деген есім беріпті.

Карина Багдасарова, цирк әртісі:

- Біз аңдарды басынан тәртіпке үйретеміз. Ең бастысы, олар «жат», «орныңа бар» және «маған кел» деген бұйрықтарға үйрену керек. Кейде жолбарыстар өзінен-өзі бір трюк жасайды. Сол сәтте біз ет беріп үлгеруіміз керек. Кейін ол сол әрекетін қайталауға асығып тұрады.

Жалпы, ағайынды Багдасаровтарда 10 жолбарыс бар. Үлкені 20 жаста болса, кішісі бірде. 30 жылға жуық осы жыртқыш аңдармен жұмыс істеп келе жатқан бауырлар цирк өнерінің хас шеберіне айналған. Жыртқыш аңдардың дайындығына қатысқан балалар олардың өнерін тамашалап қана қоймай, жолақ терілі аң туралы мәліметке де қанық болды. Әрқайсысы өздері білгісі келген сұрақтардың жауабын алып, мәз болды.

Өнер ұжымында 40-қа жуық адам бар. Сиқырлы шоуда акробаттар, сиқыршы мен клоундардың өнерін тамашалайсыздар. Ал, «Астананың» алғашқы дайындығы сәтті өтті.

 

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу