«Бастау» тобын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы марапаттады
Голливудта алтын медаль алған «Бастау» тобын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы марапаттады. Осыдан бірнеше күн бұрын қазақстандық домбырашылар «World Championship of Performing Arts» халықаралық таланттар олимпиадасында бас жүлдені иеленген еді. 3 кезеңнен тұратын бұл байқауда Ернат Наурыз бен Темірлан Олжабай қазақ күйлерінен поппури орындап, заманауи сарындағы өздерінің авторлық шығармаларынан шашу шашты. Жас өнерпаздар Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері. Олар осыдан бұрын бірнеше халықаралық байқаудың жеңімпаздары атаныпты.
Жалпы, Американың Лос-Анджелес қаласында өткен шараға 72 мемлекеттің өнерпаздары қатысқан. Аталмыш музыкалық конкурс деңгейі жағынан дүниежүзілік Олимпиада ойындарымен тең. Додаға әр елдің ең талантты деген өнерпаздары жолдама алады. Қазақстандықтар болса, осындай жарысқа алғаш рет қатысып отыр.
Темірлан Олжабай, «Бастау» тобының мүшесі:
- Лос-Анджелесте, Голливудте көптеген ұсыныстар түсті. Домбыраның дыбысымен Голливудтың көптеген киноларына неге саундтрек ретінде қоспасқа деген ұсыныстар түсіп жатыр. Алдағы уақытта осы домбырамызды үлкен скрипканың деңгейіне жеткіземіз деген ойдамыз.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы