Ақмола облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалтуға арналған орталықтың құрылысы 2023 жылдан бері тұралап тұр. Проблемалық нысанда Парламент Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьева болып қайтты.
«Amanat» партиясының жол картасы аясында салынып жатқан нысанның жалпы құны 7,9 млрд теңге. 2023 жылы республикалық бюджеттен бөлінген 1,5 миллиард теңгеден аса соманы нысанның іргетасын қалауға жұмсаған мердігер кейін жұмысты тоқтатқан. Оған себеп – құрылысқа қажет материалдың өндірісте болмауы, - дейді. Осыған орай жобаны түзету қажеттігі туындады. Алайда әлеуметтік нысан жобасы еліміз бойынша бір үлгі бойынша салынуы тиіс болғандықтан, түзету мақұлданбады. Мердігер зауыттармен келісімге отырып, қажетті материалды тапсырыспен шығаруы тиіс деп ұйғарылды. Егер шілденің 16-сына дейін мердігер құрылысты жандандырмаса, онымен келісімшарт тоқтатылмақ.
Наталья Дементьева, Мәжіліс депутаты:
Министрлік өкілдерімен жұмысқа келіп, дөңгелек үстел жасап алып, міндетті шешетін боламыз. Өйткені ол ең алдымен азаматтардың салық қаражаты, екінші жағынан ол мемлекеттің тарабынан берілетін ақша. Ол қомақты сома болып табылады. Ол миллиондаған емес, миллиардтаған ақша.
Бибінұр Әмірханқызы
