Ұлытау төрінде «Жезкиік» халықаралық музыка фестивалі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлытау төрінде «Жезкиік» халықаралық музыка фестивалі өтті

16.07.2018

Үш жүздің басы қосылған қасиетті өлкеге әлемнің үш құрлығынан фольклорлық ұжымдар жиналды. Олар екі күн бойы халықты өнерімен тамсандырды. Кең ауқымды шара Жезқазған қаласында да жалғасты. Мысты шаһардағы Кеңгір су қоймасы жағалауына салынған жазғы амфитеатрда ең алғаш болып шартараптан жиналған классикалық музыка майталмандары тоғысты.

«Жезкиік» халықаралық музыка фестиваліне 11 фольклорлық өнер ұжымы қатысты. Соның тоғызы шетелдерден келген. Жалпы, шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ұлт ұясы Ұлытау төрі әуезді әнге бөленді.

Фестивальге қатысушының бірі - Александр Браун. Ол қызымен бірге Шотландия фольклорлық тобының құрамында. Бұған дейін Ресей, Франция, Қытай және тағы да басқа елдерде өткен халықаралық шараларға қатысқан. Ал, қазақ жеріне алғаш келуі.

Александр Браун, фестивальге қатысушы:

- Фестиваль өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бұл жердің табиғаты тамаша, тарихы терең екен. Қазақ халқы ерекше қонақжайлығымен ұнады. Фольклоры біздегідей елдің тарихымен, мәдениетімен астасып жатыр. Мен Қазақстан туралы жерлестеріме міндетті түрде айта барам. Олар үшін бұл таңсық дүние болатыны сөзсіз.

Фестиваль аясында қонақтар әр ұлттың өнерімен, тарихымен тереңірек танысуға мүмкіндік алды. Мәдени шараға Мексика, Перу, Польша, Ресей, Түркия, Тәжікстан, Франция, Шотландия, Жапония мен Қазақстанның фольклорлық ұжымдары қатысты.

Шараның ашылуында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың фестивальге қатысушылар мен Ұлытау халқына арнаған құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ, шараға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, облыс әкімі Ерлан Қошанов және бір топ құрметті қонақтар қатысты.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Бүгінгі шара Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өтіп жатқанын білеміз. Осы бағдарламаның негізгі мақсаттарының бірі ұлттық құндылықтарымызды сақтап, озық үлгілерді үйреніп, қазақ елін дамудың жаңа бір белестеріне шығару.

Фестиваль Жезқазғандағы амфитеатрда жалғасын тапты. Ашық аспан астындағы сахнада алғаш рет классикалық музыка кеші өтті. Онда шетелдік өнер жұлдыздары өнер көрсетті. КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Бибігүл Төлегенованың құйқылжыта ән шырқауы талайлардың таңдайын қақтырды. Австриядан келген сопрано дауысты әнші Анна Райан жас кезінен Бибігүл Төлегенованы сүйіп тыңдайды екен.

Анна Райан, фестивальге қатысушы:

- Фестиваль аясында Бибігүл Ахметқызымен танысқаныма қуаныштымын. Мен ерекше үлгі тұтатын өнер иесі. Жалпы, бұған дейін Германияда қазақстандық әншімен бірлескен орындауым болған. Сіздердің әншілеріңіз өте талантты. Әлемдік сахнаға көптеп шыққаны дұрыс.

Есімі әлемге мәшһүр әртістермен қатар, еліміздің жас таланттары да симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен Жезқазған аспанын әуезді әнге бөледі. Фестиваль соңы ақын Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған белгілі композитор Жақсыгелді Сейіловтың «Жезкиік» әнімен аяқталды.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу