Астанада «Ақанаевтар әулеті» атты көрме ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Ақанаевтар әулеті» атты көрме ашылды

10.07.2018

«Ақанаевтар әулеті». Елордада осындай атпен белгілі суретші Амандос Ақанаевтың көрмесі өз жұмысын бастады. Көрме «Нұр Отан» партиясының қолдауымен суретшінің 70 жылдық мерейтойы мен шығармашылығының 50 жылдығына және Астананың 20 жылдық торқалы тойына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр.

Жаңа жылға дейін Тәуелсіздік сарайында «Ақанаевтар әулеті» атты көрмені тамашалай аласыздар. Мұнда 150-ден астам туынды ұсынылған. Ғарыш, табиғат, тарих тақырыбы, ежелгі аңыздар мен көшпелілер де көрініс тапқан.

Амандос Ақанаев - теңдессіз талант иесі. Сырлы сурет салудың хас шебері. Ол бейнелеу өнеріндегі ұлттық авангард бағытының өкілі. 9 жыл дайындалған, көптен күткен көрмесін ұйымдастырды. «Қазақ елі тар жол, тайғақ кешуді бастан кешірді. Шүкір, қазір өз еңселі елордасы бар, өз ел сылайтын Елбасы бар. Жаныма жақын суреттердің бірі Президентке арналған туынды. Оған жеті жылға жуық уақытым кетті», - дейді қылқалам шебері.

Амандос Ақанаев, суретші:

- Бұл бесінші нұсқасы. Елбасының осы қалаға арналған, өз еліне арналған өлеңдері бар. Мұнда 150-ге тарта жұмыс бар.

Өз бойындағы талантын талабымен демеуге табандылық танытып жүрген оның жанына шарттылық жақын. Мысалы, Ұмай ана картинасы. Өмірде жоқ, бірақ, археологиялық қазбада табылуы мүмкін алтын адамның кей жері жарқырап тұрса, кей жері шіріген, жан-жағын топырақ басқан. Әдетте суретшіге қылқалам жеткілікті болса, Амандос Ақанаев темір, қола, киіз, күміс, ағаш сияқты шикізаттарды қолданады. Ал, тағы бір көзтартарлық туындының бірі қазақ телевизиясын жаңа деңгейге көтерген, белгілі әдебиеттанушы, сыншы, ұлт жанашыры, тау тұлға Сағат Әшімбаевқа арналған. Оның азаматтық парызы, борышы, айрықша болмысы суреттелген. «Дарынды қаламгер, көрнекті қайраткер туралы картинаны жазғанда ерекше күйде болдым», - дейді.

Амандос Ақанаев, суретші:

- Ол келбетті кісі. Позициясы ұнайды. Тазалық бар, білімді. Әдебиетпен айналысқан.

Амандос ағаның жары марқұм Лаура Сәйкенқызы да белгілі суретші еді. Ол кісі төсек тартып қалғанда алты жыл бойы жанында болды, сүйікті ісін де тастамады. Жарына арналған суреттері қазір жаһан жұрты аралған көрмеге қойылды. Жалпы, 50 жылдың ішінде төрт мыңнан астам жұмыс дүниеге келген.

Амандос ағаның ендігі мақсаты - елімізде Портрет деген музей ашу. Онда ең таңдаулы туындылар ұсынылмақ. Өнер таусылмас азық, жұтамас байлық. Қылқалам шебері қалтасының қалыңдығын емес, өнерді биік қояды.

 

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу