Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт мектебі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт мектебі ашылды

27.06.2025

Ақмола облысының Зеренді ауылында елге қайтарылған активтер есебінен салынған балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі ашылды. Бұл арнайы мемлекеттік қордан қаржыландырылған өңірдегі алғашқы спорт нысаны. Оның құрылысына 2,1 млрд. теңге бөлінді.

Салтанатты шараға еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов пен облыс әкімі Марат Ахметжанов қатысты. Спорт нысанының құрылысы өте қысқа мерзімде, бар-жоғы 5 айда салынған. Аумағы 6 мың шаршы метрден асатын жаңа ғимарат екі блоктан тұрады, онда күрес және бокс залдары, екі жаттығу залы және басқа да бөлмелер бар. Қазіргі таңда аудандағы спорт мектебінде 806 оқушы жаттығып жүр. Жаңа мектептің арқасында тәрбиеленушілердің саны 1500 адамға дейін артады деп күтіледі. Жалпы биыл арнайы мемлекеттік қордан өңірде әзірге 12 жоба қаржыландырылды.

Ержан Жандосов, облыстық прокуратураның аппарат басшысы:

Жалпы Ақмола облысы бойынша 34 нысанды салуға 10 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалғалы жатыр. 34 объектінің біреуі осы жасөспірімдерге арналған спорт мектебі. 10 объект медициналық фельдшерлік-акушерлік бекеттер және 23 сумен қамтамасыз ету объектілері.

Бибінұр Әмірханқызы


Хабарламаларға жазылу