Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің архелогия экспедициясы сүйінші жаңалығымен бөлісті. Алматы облысына қарасты Шонжы ауылынан 12-13 шақырымдай қашықта орналасқан Тоғызбұлақ-1 қорымынан «Алтын Адамға» тән әшекей бұйымдар табылған. Өңірде қаз-қатар жатқан жалпы саны 50 шақты сақ обалары бар. Экспедициялық топ 2 ай уақыт жұмсап, 6 төбенің астын ашқан. Алынған 30 шақты жәдігердің ішінде алтын жүзіктен бастап, әйелдер тағатын шолпы мен салпыншақ, әртүрлі формадағы қапсырмалар және алқа шынжырлар бар. Барлығы да сызат түспей аман сақталыпты. Экспедиция жетекшісі Досбол Байқонақовтың айтуынша, зергерлік бұйымдар Есік «Алтын Адамынан» шыққан әшекейлерге формалық тұрғыдан жақын. Сондықтан бұл жәдігерлер Алматы облысынан табылған екінші «Алтын Адамға» тән болуы бек мүмкін, дейді.
Досбол Байқонақов, археологиялық экспедиция жетекшісі:
Бұл жерде де алтын адам жерленген болуы мүмкін деген ой бар. Бірақ көпшілік қорған өз заманында тоналып кеткен. Әйтсе де өз заманындағы билік өкілдерінің обалар саналадыы. Бұл қорғандар элитарлық қорғандардың біріне жатады. Бұл жерден шыққан алтын бұйымдар тұспалдап айтқанда, біздің заманымыздан бұрынғы III-IV ғасырларға жатады деп отырмыз.
Дамир Нұрмұхамет
