Талдықорғанда қоғам тыныштығын, азаматтардың қауіпсіздігін отбасы болып күзететін жандар бар. Берік Жексембеков пен Әлия Медеубекова ішкі істер саласында 20 жылдан аса уақыт қызмет етіп келеді. Ерлі-зайыптылардың екеуі де полиция майоры.
Берік Жексембеков пен Әлия Медеубекованың шаңырақ көтергеніне 10 жылға жуық уақыт болған. Алғаш таныстықтары Алматы қаласында басталыпты. Отбасы бақыты мен қоғам тыныштығын бірге күзетеміз деп серттескен жұп, әрі қарайғы қызметтерін Жетісу облысында жалғастыруды жөн санаған. Қазіргі таңда Берік Жексембеков облыстық полиция департаментінде есірткі қылмысына қарсы іс қимыл бөлімінде еңбек етеді.
Берік Жексембеков, Жетісу облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бағдарламасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:
2017 жылдан бері Талдықорғанда істеп келе жатырмын. Оған дейін Өскеменде, Алматыда жедел іздестіру бөлімінде қызмет еттім. Жарыммен Алматыда таныстым. Ол жерде де бірге істедік.
Әлия Медеубаева полиция департаменті екінші арнайы бөлімінің инспекторы, полиция майоры. Ол өзінің таңдаған саласының әйел азаматы үшін қиын екенін жасырмады. Алайда халықтың алғысын алып, құрметіне бөленгенде мамандық таңдауда қателеспегенімді түсінемін дейді.
Әлия Медеубаева, Жетісу облысы полиция департаменті екінші арнайы бөлімінің инспекторы:
Мен Қапшағайда оқу бітірдім. Артынша, Алматыда жұмыс істедім. Қазір жолдасыммен бірге осы жақта қызмет етеміз. Екі қызымыз бар, бақыттымыз.
Қызметте әріптес жандар, отбасында екі қыз тәрбиелеп отыр. Отағасы Жексембеков қыздарының бірі әке жолын таңдарына сенімді. Алайда тұңғышы Кәмилә мұғалім болуды қалайды екен. Таң атса жұмысқа, кеш батса үйге асығатын отбасы көпке үлгі.
Дамир Нұрмұхамет
