Жетісу облысындағы мәдениет үйінің жөнделмегеніне 50 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысындағы мәдениет үйінің жөнделмегеніне 50 жыл

23.06.2025

Жетісу облысындағы Алтыүй ауылында 50 жылдан бері мәдениет үйі жөнделмей тұр. 1967 жылы салынған рухани орда қылқалам шебері Әбілхан Қастеевтің есімін иеленген. Тозығы жеткен ғимараттың қабырғасы қақырап, едені опырылған. Нысан апатты болса да, осындағы үйірмеге балалар келіп жүр. Ата-аналар балаларының өміріне алаңдаулы.

Маржан Мүслім, тұрғын:

Жөндеу жұмыстары қажет деп ойлаймыз. Балаларымызды жіберген сайын қорқып отырамыз. Өміріне қауіп төнетін сияқты. Сыртынан қарағаннан-ақ көрініп тұр.

Қалдыгүл Нұрланова, тұрғын:

Балам үйірмеге кеткен сайын уайымдап отырамыз. Күн жылығанның өзі төбесі құлайын деп тұр. Өте қорқынышты.

Мәдениет үйінде үш маман жұмыс істейді. Оның бірі - кітапханашы. Екі бөлменің сөрелері түрлі кітапқа толып тұр. Бірақ жылыту маусымы басталғанда қызметкерлер мен балалар әкімшіліктің бөлмесін паналауға мәжбүрміз дейді. Былтыр Әбілхан Қастеевтің 120 жылдық мерейтойына орай ғимарат жөндеуден өтеді деп жауаптылар тұрғындарды қуантқан. Алайда уәде орындалмаған.

Дидар Мұхаммелдан, Бірлік ауылдық округінің әкімі:

Қазіргі уақытта жалғыз  мәселе осы мәдениет үйі. Өздеріңіз көрдіңіздер, апатты жағдайдай тұр. Енді облыстық мәдениет басқармасына өтініш берілді. Облыстық депутаттар да келіп көріп қайтқан болатын.

Дамир Нұрмұхамет

Хабарламаларға жазылу