Жазушы Кәмел Жүністегінің қолында Арқаның алты түрлі домбырасы бар
Қарағанды облысының Шет ауданындағы Атасу кентінде тұратын жазушы Кәмел Жүністегінің үйін шағын мұрайжай дерсіз. Қазір қаламгердің қолында Арқа домбырасының алты түрі сақталған. Олардың әрбірі қазақтың жыр мен күй өнеріне із қалдырған тарихи тұлғаларға тиесілі.
Бұл - атақты Әбди күйшінің домбырасы. Пішіні ұқсаған соң «күймелі» деп аталады. Бетіне парсы тілінде Омар Хайямның бір шумақ өлеңі жазылыпты. Ал, мынау Батыраш пен Қотыраштың немересі Тырышқа тиесілі «үшкіл» домбыра. Сол сынды Сембек күйшінің «қыз жағалы», Шәңгерей бабаның «оюлы», Қақпан ақынның «сүйрік» және Смағұл деген кісінің Арқа домбырасы жазушы үйінің төрінде ілулі тұр. Көп жылдар саяси қуғын-сүргінде жүрген Кәмел Жүністегі бұл домбыраларды осы тарихи тұлғалардың ұрпақтарынан, кейбірін кісі қолынан тірнектеп жүріп іздеп тапқан. Көне аспаптарды сақтағаны үшін ғана сол кезде «ескілікті көксейді» деген желеумен көп нәрседен шеттетілген.
Кәмел Жүністегі, жазушы:
- Менің өмірім оңай болған жоқ. Осы біз отырған үйге КГБ агенттері жиі келіп, тінту жасайтын. Сонда сәл ғана қазақтың әндерін айтып, күйлерін тартып, көңіл жұбатамын. Ұрпағымда сақталғаны дұрыс қой деп ойлаймын. Әркімнің үйінде бір жақсы дүние сақталуы керек.
Алтайдан Анадолыға дейінгі түркі халықтарында домбыра аспабы кең тараған. «Десе де оны бәз-баяғы қалпында жақсы сақтап қалған қазақ халқы»,-дейді қаламгер. Қазір Кәмел Жүністегінің қолында Арқаның алты түрлі домбырасы бар. Олардың әрқайсының ғасырлар сарынынан сыр шертер өзіндік үні бар. Ал, Арқа домбырасының жетінші түрі құрамалы болуы тиіс. Ертеректе үлкендер аузынан естігені бойынша Кәмел Жүністегі осылай топшылайды. Жазушы жалпы домбыра қазақтың жан-дүниесін, бар болмысын көрсетер ерекше қастерлі аспап екенін айтады.
Кәмел Жүністегі, жазушы:
- Дүниежүзіне сенің тарсылдаған музыкаң керегі жоқ. Өзінде де жетеді ондай. Домбырамен барып, оның ерекше үнін шығарып отырып ән айтсаң, сенің қазақтығыңды таниды.
Қаламгердің үйінде тұрған тағы бір құнды жәдігер Кенесары Қасымұлы мен Ағыбай батыр ас ішкен табақ. Ханмен жақсы сыйласқан атақты Жанқұтты биге тиесілі көне жәдігердің екі ғасырдан астам тарихы бар. Бұған қоса, Шортанбай жыраудың аса таяғы, бұзау тіс, жыланбауыр, жылансырт сынды қамшының түрлерін де осы үйден көресіз. Енді Кәмел Жүністегі «Арқа домбырасының жетінші түрін тапсам»,-деп армандайды.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы