Самал Еслямова жастайынан актриса емес, журналист болуды армандаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Самал Еслямова жастайынан актриса емес, журналист болуды армандаған

21.05.2018

Айдай әлемге жарқ етіп танылған 33 жастағы жерлесіміз Самал Еслямова жастайынан актриса емес, журналист болуды армандаған. Төрткүл  дүние көз тіккен өнер додасында топ жарған «Үздік актриса» шығармашылықтағы алғаш қадамын туған жері Қызылжар театрының сахнасында жасаған.

Екі күннен бері Ілияс пен Гүлмайра Еслямовтардың телефонына да, есігіне де тыным жоқ.  Қарапайым орманшы мен сауыншының отбасында дүниеге келген өнерлі қыздың жеңісін естіген көрші-қолаң, туыс-жақын жарыса құттықтап жатыр.

Ілияс Еслямов, Самал Еслямованың әкесі:

- Ел-жұртымыз қуанып жатыр. Біздің ғана қызымыз емес, осы облыстың, ауданның, Аралағаштың қызы. Сондықтан, қуанышытымыз, халыққа ризамыз.

2000 жылы ауылдан арман қуып қалаға келген Самал Петропавлдағы Өнер колледжіне оқуға түскен. Қызығы сол ата-анасының айтуынша, қыздары актриса болуды емес, журналист болуды армандапты. Межелі факультетке құжатын да тапсырып үлгерген. Алайда, бір ұпайы жетпей қалған. Осылайша, колледж қабырғасында білім алып жүріп, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында тәжірибеден өткен. Дәл осы сахнада алғашқы рөлдерін де сомдаған.

Біржан Жалғасбаев, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры:

- 2001 жылы «Пай-пай, жас жұбайлар» деген комедия болды. Студент болып жүріп  сол комедияның соңғы жағында кішкентай ғана 1,5-2 минуттық эпизодты ойнады. Содан кейін 2003 жылы Проспер Мерименің «Кармен» драмасын қойған кезде, кішкентай қыздың образын сомдаған болатын.

Самал 2011 жылы Мәскеудегі әйгілі ГИТИС-ті де бітірді. Әріптестерінің айтуынша, оның бойында әркімге берілмеген ерекше шынайылық бар. Табиғатынан актерлік даралық дарыған. Содан болса керек, бар-жоғы 2 фильмге түсіп үлгерген қазақ қызы талғамы мен талабы биік еуропалық киносыншылардың жоғары бағасын иеленіп отыр.  

Самат САПАРАЛЫ

Хабарламаларға жазылу