Бүгін Астанада әдебиеттанушы ғалым Зәки Ахметовтың 90 жылдығына орай халықаралық ғылыми конференция өтті. Шараның өтуіне бастамашы болған Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары мен ұстаздары. Зәки Ахметовтың 90 жылдығына орай Ұлттық академиялық кітапханада ғалымның еңбектеріне арналған мұражай ашылды. Ол жерде ғалымның өзі пайдаланған жеке заттары, қолжазба зерттеулері және жеке кітапханасының 600-ден астам кітабы бар.
Ғылыми конференцияға қатысқан шетелдік ғалымдар осы мұражайдың өзінен Түркі әлеміне ортақ талай дүниелерді табуға болатынын айтып қызығушылық білдірді. Жалпы, Зәки Ахметов теориялық маңызы зор оннан астам монографияның авторы. Ал негізгі еңбегі «Қазақ өлеңінің құрылысы» туралы зерттеуі. Ол еңбегі - Шығыс елдерінде, Орта Азия әдебиеті бойынша өлең теориясын зерттеген тұңғыш оқулық болып саналады. «Жалпы, бүгін және болашақта өлең құрылысына қатысты зерттеулер Зәки Ахметовтың қалыптастырған теориясы бойынша талданады», - дейді, ғалымдар.
Жанат Әскербекқызы, филология ғылымдарының докторы, профессор:
- Біздің болашақ әдебиеттану зерттеулеріне негіз бола алады. Әр дәуір, әр кезең жаңа тұжырым әкелсе де бұлардың қай-қайсы да Зәки Ахметовтың тұжырымдарына сілтеме жасамай өтпейді. Оны қазіргі жазылып жатқан әдебиет теориясына қатысты өлең сөздің теориясына қатысты кез келген зерттеуден көре аласыздар.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.