Есіл өзенінің ластану көрсеткіші жылдан жылға артып барады. Мамандар проблемаға назар аударылмаса, оның суы тек өндіріспен шектеліп, өзгеге жарамайтын болып қалады дейді. Аталған су қоймасы Қазақстандағы ең лас өзендердің қатарында.
Суды сүзгі арқылы ғана тұтыну әлдеқашан қалыпты құбылысқа айналған. Динара Айтқұлова асқа күніне 40 литр су сатып алатынын айтады. Өйткені үйдегі краннан ағатын судың сапасына көңілі толмайды.
Сәуір айында Петропавл қаласында жасалған сараптама нәтижесінде судың ластану деңгейі 6-класты көрсеткен. Бұл – сапасы өте нашар деген сөз. Талапқа сай мұндай суды тек өндірістік мақсатта пайдалануға болады.
Оксана Гордиенко, «Қазгидромет» РМК СҚОФ зертхана меңгерушісі:
Судың сапасы 46 көрсеткіш бойынша тексеріледі. Табиғи ресурстарды дұрыс пайдаланбаудың салдарынан ластану деңгейі өсіп жатыр. Тасқынның да әсері бар. Су жан-жаққа жайылып, қайта орнына түскенде маңайдағы қоқыстың барлығы өзенге түседі.
2 жыл қатарынан қайталанған тасқыннан кейін өзен суының сапасы одан әрі нашарлады, дейді мамандар. Дегенмен Петропавл тұрғындарын тіршілік нәрімен қамтып отырған «Қызылжар су» мекемесі бұл фактор тұтынушыға беретін судың сапасына әсер етпейді деп сендірді.
Лариса Аширова, «Қызылжар су» мекемесінің технологы:
Тасқын кезінде өзен лайланады. Дегенмен тұтынушыларға беріп отырған судың сапасы өзгермейді. Біз оны тазарту үшін пайдаланылатын реагент көлемін ұлғайтамыз. Сүзу процессі жиілейді. Сондықтан сүзгілерді жиі жууға тура келеді.
Эльмира Кәленова, тілші:
Есіл Қарағандыдан бастау алып, Ресейдің Түмен облысындағы Тобыл өзеніне құяды. Экологтардың айтуынша, Петропавл қаласынан төмен қарай ластану көрсеткіші жоғарылай береді. Қоршаған ортаға ең көп зиян келтіруші – адам. Оның зардабын тартатын да өзіміз.
Эльмира Кәленова
