Қазан қаласында Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы таныстырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазан қаласында Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы таныстырылды

10.05.2018

Татарстан астанасы Қазан қаласында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы қалың көпшілікке таныстырылды. Салтанатты шара Қазақстанның Қазан қаласындағы Бас консулдығының және Татарстан халықтары ассамблеясының ұйымдастыруымен өтті. Оған ресейлік ғалымдар мен саясаткерлер және шетелдік дипломаттар қатысты. «Тәуелсіздік дәуірі» - елімізде былтыр желтоқсан айында жарық көрген кітап. Тарихи публицистика жанрында жазылған еңбекте Президент еліміздің жаңа тарихы мен оның ертеңі жайлы ойларымен бөліседі. Жиында сөз сөйлеген қоғам қайраткерлері Қазақстан Президентінің Тәуелсіздік жылдарында қолға алған стратегиялық реформаларының сәтті іске асқанын айтып, бұл тәжірибенің өзге де ТМД елдеріне үлгі екеніне тоқталды. Шараның соңында концерт ұйымдастырылып, жиналған қауым қазақтың ұлттық дастарханынан дәм татты.

Еркін Тұқымов, Қазақстан Республикасының Қазан қаласындағы Бас консулы:

-Президенттің бұл кітабы Қазақстаннан тысқары жерлерде де ерекше ықыласпен қабылданып отыр. Оның таныстырылымы Қазақстанның шетелдегі Елшіліктері мен өзге де Консулдықтарында өтті. Бұл еңбек Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы дамуына арналған. Оны оқыған адам осы күнге дейін Қазақ елінің қандай қиындықтарға тап болғанын, нендей жетістіктерге жеткенін біле алады.

Ирек Шарипов, Татарстан халықтары достығы үйінің директоры:

-Қазақстан мен Ресей тату көршілер ғана емес, стратегиялық одақтас мемлекеттер. Сондықтан, бұл шараның біз үшін маңызы зор. Президент Нұрсұлтан Назарбаев жазған кітаптың ғылыми-қолданбалық мәні бар. Сол себепті, бұл еңбек әсіресе, саясатпен және экономикамен айналысып жүрген посткеңестік кеңістіктегі қайраткерлерге пайдалы.  

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу