Басты Жаңалықтар Бельгиялықтар асырап алған қазақ қызы туыстарымен қауышты

Бельгиялықтар асырап алған қазақ қызы туыстарымен қауышты

Шетелдіктер асырап алған қазақ қызы биологиялық анасын тауып, туған-туыстарымен қауышты. Анджелина-Динара өзін Қазақстаннан іздеп келген бауырларымен Бельгияда кездесті. Тағдырдың сынағына төтеп беріп, жақсылықтан үміт үзбеген жандар бұдан былай айырылмақ емес.

Бельгиялық ерлі-зайыпты Алекс пен Конни Динараны 2005-жылы асырап алған. Астанадағы балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан бір жастағы жәудіркөзге бірден бауыр басқандарын айтады. Қазақы есімін сақтай отырып, қосымша Анджелина деп атапты. Қазір екеуі қыздарының бар жағдайын жасап, жанынан артық бағалап отыр.

Конни Фон Вуурен, Анджелина-Динараның анасы:

Мен нәрестені алғаш көрген сәтте бірден ұнаттым. Балалар үйінен қайтқан соң оның суреттеріне қарай бердім. Құжаттарын рәсімдеу үшін Астанада 2 ай тұрдық. Бұл біздің өміріміздегі ең бақытты кезеңдердің бірі болды.

Анджелина-Динара 11 жасқа толғанда биологиялық анасын тауып беруді өтінген. Бельгиялық әке-шешесі тілегін орындап, анасымен қауыштырыпты. Сонан бері Динара Қазақстанға үш рет сапарлап, өз тарихымен, мәдениетімен етене танысуға мүмкіндік алған.

Анджелина-Динара Сессел, асыранды қыз:

Достарым менен «Сенің шын ата-анаң кім?» деп сұрағанда күмілжіп қалатынмын. Ал қазір еш кідірместен айтып бере аламын. Бұл маған жан тыныштығын сыйлады. Енді мен кім екенімді, шыққан тегімді және тағдырымның қалай өрбігенінен хабардармын.
Өкінішке қарай, Динараның туған анасы осыдан үш жыл бұрын дүниеден озған. Нағашылары анасын жоқтатпай, жиеніне жиі хабарласып тұратын. Бүгін Бельгияға іздеп келіп, тосын сый жасады.

Гүлзада Оразаева, Анджелина-Динараның нағашысы:

2019-да бізді алғаш рет тауып алған. Содан бері араласамыз. Үнемі хат-хабар алысып тұрамыз. Кезінде араласа алмағанымызды енді қазір өтеуге тырысып, барынша жақын араласуға тырысып жатырмыз.

Нағашы, жиен бөлелелер бір-бірімен алаңсыз сырласып, сағыныш мауқын басып мәз. Динара туған жері жайлы мол мағлұмат білуге құштар. Сол үшін Елшіліктегі мәдени шараларға, үйірмелерге қатысып, ана тілін үйреніп жүр.

Бөлісу