Иә қасиетті Құрбан айт бұл ислам әлеміндегі екі ұлық мерекенің бірі. Ораза айттан 70 күннен кейін басталып, 3 күнге созылады. Алдымен Айт намазы оқылып, артынша құрбандық шалынады. Әріптесім Ернұр Медет таңғы 6-да Астанадағы ең үлкен мешіттегі Айт намазына қатысып келді.
Ернұр Медет, тілші:
Ала таңнан айт намазына ағылған жұрттың қарасы қалың. Астанадағы аумағы ат шаптырым, 30 мың адамға арналған жаңа мешіттің өзі лық толды. Құрбан айт - тек мал шалып, ет үлестіру ғана емес, оның рухани және әлеуметтік мәні де зор. Бұл күні туған-туыстар табысады, араздасқан ағайын араласады, жағдайы жеткендер мұқтаждарға, қарашаға қарасады. 2005 жылдан бері қасиетті мерекенің алғашқы күні демалыс болып белгіленген.
Шариғат шартына сәйкес құрбан шалатын адам әуелі мұсылман болуы керек. Ақыл-есі дұрыс, балиғат жасынан асқан және нысап мөлшеріндегі қаржысы болуы тиіс. Ол - 85 грамм алтын немесе шамамен 2 млн 746 мың теңге. Құрбандық шалу рәсімін қашықтықтан да өткізуге болады. Ол үшін muftyat.kz сайты іске қосылған.
Наурызбай Қажы Тағанұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти:
Маған айтқаны бойынша, мыңнан аса адам республика бойынша онлайн құрбандыққа тапсырыс берген. Ол мыңнан астам малдың бүгін құрбандыққа шалынып, әрі қарай мұқтаждарға үлестірілетін болады. Мұсылманның мерекесінде әрқашан мұқтаждар ескеріледі.
Қасиетті мереке халықты бейбітшілік пен татулыққа, өзара сыйластыққа, береке-бірлікке үндейді. Құлшылық ордасына жиналған жұрт та ел-жердің амандығын тілеп, жылы лебізбен тарқасты.
Құрбан шалу айт намазынан кейін басталып, мейрамның үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Биыл елімізде мал сою үшін 60 арнайы орын бекітілген.
Ернұр Медет
