Қызылорда облысы Татарстанмен мəдени-рухани байланыс орнатпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысы Татарстанмен мəдени-рухани байланыс орнатпақ

27.04.2018

Қызылорда облысы Татарстан Республикасымен мəдени-рухани байланыс орнатпақ. Себебі,  ұлттық құндылығын ұлықтаған, тілі мен дінін жоғалтпаған татар елінде тұрақтылық пен берекелі тірлік бар, əдет-ғұрып пен салт-дəстүр сақталған. Осы тұрғыдағы ұқсастық бауырлас елдерді жақындастырып, ортақ мүддеге тоғыстырды.

Қазан қаласында үлкен мереке. Татар тілінің күні жəне халықтың асқақ тұтатын ақиық ақыны  Ғабдулла Тукайдың 132 жылдығы. Бауырлас ел жыл сайын осы күнді ерекше сән-салтанатпен тойлайды.

Зухра Саяпова осы мерекеге қатысу үшін Қазақстаннан арнайы келген. Өзі қазақ жерінде туып-өсті, бірақ, ата-бабасының отанына құрметі ерекше. Ұлттық құндылықты ұлықтап, ана тілінің ұрпақтан ұрпаққа жетуін қалайды.

Зухра Саяпова, Қазақстандағы Татар ұлттық-мəдени орталығының мүшесі:

- Баршамыз өзіміздің туған тілімізді, ана тілімізді ұмытуға жол бермейміз. Неге десеңіз, тіл жоғалса, халық та жоғалады. Халық жоғалмасын деп біз өзіміздің тілімізді сақтап, ата-бабамыздан қалған əдет-ғұрыпты сақтап қаламыз.

Қазақ пен татарды тамыры терең əдебиет пен мəдениет байланыстырады. 20 ғасырдың басында қазақ зиялылары Қазан қаласындағы мешіт-медреседе білім алды. Түбі бір, мақсат-мүддесі, тілегі ортақ халықтар арасында тығыз қарым-қатынас орнады. 1992 жылы Қазанда алғашқы болып қазақ қоғамы құрылды.

Сағит Жақсыбаев, Татарстандағы Қазақ ұлттық-мəдени орталығының төрағасы:

- Татарстанда 1 мыңдай қазақ, оның көбісі студенттер. Бұрынғы уақытта 200-дей ғана студент болған еді. Көбейіп келеді.

Бауырлас елдердің ынтымақты байланысы бұрынғыдан да нығая түспек. Биыл қыркүйек айында  Қызылорда қаласында халықаралық Сабантой мерекесі өтеді.

Руслан Рүстемов, облыс əкімінің орынбасары:

- Қызылорда облысының əкімі Қырымбек Көшербаев пен Татарстан Республикасының Президенті Минниханов Рустам Нұрғалиұлының өзара келісімі бойынша Сабантой сүмбіле Қызылорда қаласында өтеді. 13-14 қыркүйекте ТР жетекші өнер шеберлері, өнер ұжымдары Қызылорда қаласында болып, Сабантой сүмбілеге қатысатын болады.

Татарстанның тарихы терең. Мұнда шығыс пен батыстың мəдениеті үндескен. Ескі қаладағы əрбір ғимарат өткен тарихтан сыр шертеді. Татарлар құнды жәдігерлерін көздің қарашығындай сақтап келеді.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу