Ақтөбедегі республикалық ақындар айтысының бас жүлдесі Ершат Қайболдинге бұйырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбедегі республикалық ақындар айтысының бас жүлдесі Ершат Қайболдинге бұйырды

20.04.2018

«Ән дарыған далада шыңға айналған Астанам». Осындай атаумен Ақтөбеде республикалық ақындар айтысы өтті. Оған еліміздің түрлі аймағынан 18 ақын қатысты. Сахна төріне шыққан айтыскерлер биыл 20 жылдық мерейтойын атап өтетін елорданың өткені мен бүгінін, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мән-маңызын арқау етті. Әбілқайыр ханның батырлығы да айтылды. Биыл тарихи тұлғаның өңірде 325 жылдығы аталып өтілмек.

Сөз зергерлерінің өнерін қазылар алқасының құрамында болған халық әртістері Асанәлі Әшімов пен Алтынбек Қоразбаев, дәстүрлі әнші Татьяна Бурмистровалар бағалады. Күні бойы жалғасқан айтыстың қорытындысында Мейірбек Сұлтанхан, Әлихан Жақсылық, Иран-Ғайып Күзенбаев үшінші орынды иеленсе, Ринат Зайытов екінші орынды місе тұтты. Ал, алматылық ақын Болатбек Оразов бірінші орынды жеңіп алды. Жүлдегерлердің барлығына да ақшалай сыйлық табысталды. Ал, айтыстың бас жүлдесі 2 млн.теңге ақтөбелік Ершат Қайболдинге бұйырды.

Жүрсін Ерман, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

Бұл Елбасының былтырғы жарияланған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясына сәйкес келетін қазақтың бірден-бір ұлттық өнері. Қоғам әлі жаңғырмай тұрғанда, айтыс жаңғырды. Кешегі Қызыл империяның тұсында айтыс қазақтың жүрегіне от беріп, тәуелсіз ел болуға әртүрлі тәсілдермен үндеді.

Хабарламаларға жазылу