Көкшетауда су тазарту станциясын қолданысқа беру тағы бір айға шегерілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетауда су тазарту станциясын қолданысқа беру тағы бір айға шегерілді

23.05.2025

Көкшетауда құрылысы 2012 жылы басталған су және кәріз жүйесін тазарту станцияларының құрылысы әлі аяқталмады. Соңғы сараптама нәтижесінде жаңа кәріз суын тазарту нысанына бөлінген 1,1 млрд теңгенің тек 600 миллионына ғана нақты жұмыстар атқарылған. Бұл іспен енді құқық қорғау органдары айналыспақ.

Ал су тазарту нысанының құрылысы аяқталып қалды. Тек қолданысқа беру мерзімі маусым айына шегеріліп отыр. Жаңа нысан тәулігіне 30 мың текше метр суды тазартып, сүзгіден өткізуге қауқарлы. Бұл ауыз судың сапасын біршама арттырып, көкшетаулықтарды тіршілік нәрімен үздіксіз қамти алады. Ал әзірге қала тұрғындарының көбісі таза ауыз суды сатып алады. Себебі, кермек татқан кран суы ішуге жарамсыз.

Ақжол Қылышбаев, Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары:

Маусым айында жаңа су тазарту нысаны тапсырылмайтын болса, шығынды мердігер өзі өтейтін болады. Яғни, қазір тазартылған суды біз Сергеев су қоймасынан 302 теңгеден сатып алып жүрміз. Бұл шамамен тәулігіне 18 миллион теңге. Сөйтіп, айына 100 млн теңгені төлеу мердігер компанияға жүктеледі.

Бибінұр Әмірханқызы


Хабарламаларға жазылу