Астана-Щучинск тас жолында жыл басынан орташа жылдамдықты ескермей, жол ережесін бұзған 14 мың дерек тіркелді. Бұрынғыдай дәл камераның алдына жақындағанда ғана жылдамдықты төмендетудің бүгінде еш пайдасы жоқ, дейді әкімшілік полиция өкілдері.
Себебі, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында осы бағыттағы жолдың төрт учаскесіне сегіз бейнекамера орнатылған. Ол жүрген қашықтықты жүріп өткен уақытқа бөлу арқылы жүргізушінің орташа жылдамдығын есептейді. Заңнама өз күшіне енгелі курортты аймаққа апаратын автобанда қаза болғандар жоқ. Дәл осындай ақылды жүйе Астана-Павлодар бағытында да бар. Жалпы, жыл басынан өңірде 286 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 33 адам көз жұмып, 498-і түрлі жарақат алған.
Ержан Қошқарбаев, облыстық Әкімшілік полиция басқармасының бастығы:
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысының жолдарында 97 апатты-қауіпті учаскелер белгіленді. Осы учаскелерді зерделеп, 3 мың жол белгілері қойылды, орташа жылдамдық, сосын жылдамдықты шектеу жасалды. Қазіргі уақытта сол 33 апатты-қауіпті учаскелерінде мүлдем жол көлік оқиғалары тіркелген жоқ.
Бибінұр Әмірханқызы
