Санкт-Петербургте Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығы аталып өтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Санкт-Петербургте Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығы аталып өтілді

27.03.2018

Санкт-Петербург қазақтары үшін биылғы Наурыз мерекесі дәулескер күйші Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Ресейдің мәдени астанасында өткен салтанатты шараны жергілікті қазақтардың «Атамекен» ұйымы мен Қазақстанның Санкт-Петербургтегі Бас консулдығы бірлесіп өткізді. Шараға Атырау облысының әртістері де арнайы барып, өнер көрсетті.

Нұртас Солтанұлы, тілші:

-Петербор қазақтары үшін биыл қос қуаныш қатар келді. Жергілікті қандастарымыз Әз-Наурызбен бірге күйші Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойын бірге атап өтті. Салтанатты кеш Санкт-Петербургтегі «Ресей – менің тарихым» атты ең жаңа, ең үлкен мұражай кешенінде ұйымдастырылды. Өздеріңіз көріп тұрғандай, мына менің артымдағы үлкен зал ұлттық өнерге сусындаған көрерменге лық толды.

Наурыз – жыл басы, береке бастауы. Бұл мерекені Петербургтегі қазақтар 92-ші жылдан бері үзбей тойлап келеді. Ондағы мақсат – жат жұртта жүрген өскелең ұрпақты ұлттық тамырынан ажыратпай, салт-дәстүрді жастайынан санаға сіңіре беру.

Сәрсенғали Құспанов, Санкт-Петербургтегі «Атамекен» қоғамдық ұйымының президенті:

- Осында жүргендіктен өз тілімізді, мәдениетімізді мадақтағымыз келеді. Сондықтан, Наурызбен қоса Құрманғазының 200 жылдығын атап өтіп жатырмыз.

Петербургтегі алуан ұлттың өкілі өзара тату тұрады. Сондықтан, түрлі диаспора өкілдері бір-бірін қолдап, кез келген шараны бірлесіп өткізеді. Сол себепті, бұл кешке жергілікті қазақтар мен студенттер ғана емес, өзге ұлт өкілдері де молынан келді.   

Владимир Михайленко, Ленинград облысындағы Достық үйінің директоры:

- Біздің Қазақ елімен қарым-қатынасымыз ерекше. Себебі, кезінде Ленинград қоршауда болғанда, қаланы қорғаймыз деп қаншама қазақтың жан тапсырғанын білеміз. Сондықтан, Наурыз біздің де мереке. Петербургтің орысы да, еврей мен татары да бұл күнді бір кісідей тойлайды. Себебі, Наурыз біздің жақындастыра түседі.

Гүлшат Ниеталина, Санкт-Петербург қаласының тұрғыны:

- Өте тамаша, жақсы өтті. Көңілімізден шықты. Осында тұратын көптеген халықтар, қазақ халқы жиналды. Өте ризамыз. Осындай шаралар әлі де көбірек болып тұрса дейміз.

Биыл күйші-композитор Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына - 200 жыл. Осы мерейтойға Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау олыстық филармониясының әртістері арнайы келді. Дәстүрлі әндерді айтып, Құрманғазының көпке танымал күйлерін орындаған өнер ұжымы жұрттың ықыласына бөленді. 

Саламат Сағымпазұлы, Атырау облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы:

- Жалпы, Құрманғазының шығармалары тек қана ұлы даламызда, мәңгілік елімізде ғана емес, бүкіл әлемде өзінің орны болатынына ешқандай күмән болмауы тиіс.

Атамекеннен алыста жүрсе де ауызбірліктен ажырамаған ағайын, ұлтымыздың ұлы тұлғаларын үнемі ұлықтап жүреді. Мәселен, бұған дейінгі жылдары Санкт-Петербургте Жамбыл Жабаев пен Мұхтар Әуезовтің мерейтойлары өткен. Барша қазаққа қастерлі мейрам - Тәуелсіздік күнінің де ескерусіз қалған кезі жоқ.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу